Шымкентте өңіраралық IV Азаматтық форум өтті. Ол «Ынтымақтастық, даму, тұрақтылық» тақырыбы аясында өрбіді. Ашық форматтағы басқосуды, Азаматтық Альянстың мүшелері мен Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.
Алмагүл Кенжетаева 18 жастан асқан мүгедектігі бар балалардың мүддесін қорғау үшін қоғамдық бірлестік құрған. Қамқорлығындағы ерекше жандарды оңалтуға, оқытып білім алуына қолдау көрсетіп келеді. Сондай-ақ «Инватуризм» мен «Инклюзивті театр» сияқты жаңа жобаларды жүзеге асырды.
Алмагүл Кенжетаева, «Рақмет саған, анашым» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
- Сол балалармен жұмыс атқара отырып, олардың деңгейін, қандай мүмкіндіктері бар екенін көріп жатырмыз. Бағалаймыз. «Инклюзивті театр» жобасына мемлекеттен 5 млн грант ұтып алдым.
Өңіраралық форумда мемлекеттік құрылымдар мен үкіметтік емес сектор арасындағы серіктестікті дамыту сөз болды. Салаға серпіліс беретін бастамалар мен пікірлер тыңдалды. Азаматтық альянстың ұсынысы қазан айына жоспарланған республикалық жиында көтеріледі.
Бану Нұрғазиева, Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті:
- 2020 жылы «Азаматтық қоғамды дамыту» деген тұжырымдама қабылданған. 5 жылдың ішінде азаматтық қоғам өзгерді ме, өзгерген жоқ па? Оның тәсілдері, рөлі осы тақырыпта өтеді.
Мықты азаматтық қоғам – қуатты Қазақстан. Мемлекет басшысы да Ұлттық құрылтайда белсенді топтың ұранын қолдады. Заңнамаға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізуге тапсырма берді. Осыған байланысты арнайы жұмыс тобы құрылды.
Елдар Сапаров, ҚР Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары:
- Бұл бойынша біз, министрлік, өздеріңізбен «Азаматтық қоғамның» институттарымен бірлескен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Арнайы жұмыс топтары құрылған. Осы жерде отырған қаланың белсенді үкіметтік емес ұйымдары біздің жұмыс топтарында өзінің ойын жеткізіп жатыр.
Өңірде 1700-ден астам үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Олардың көпшілігі волонтёрлік, экология, инклюзия, білім беру және денсаулық сақтау салаларында табысты тәжірибе қалыптастырған.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов