Қарағандыда жекеменшік медициналық орталықтардың бірінде ер адам медбикеге шабуыл жасап, оны ұрып-соқты. Зардап шеккен 36 жастағы әйел басынан өткен оқиға туралы айтып берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.
Ер адам орталыққа әйелімен және балаларымен бірге барған. Оның жұбайы маммолог дәрігердің қабылдауынан шыққан. Кейін ер адам медбике отырған кабинетке кіруге тырысқан. Әсел Тасмағамбетова бұл қызметтік бөлме екенін айтып, ер адамның кіруіне рұқсат бермеген.
Ер адам есікті күшпен ашып, оны жұлып алады.
"Мен тірі қалмаймын ба деп қатты қорықтым. Жерде жатқанда мені тоқтаусыз ұрып жатқандай көрінді. Жұдырық та сермеді, аяқпен де тепті. Ол аяғымен менің бетімді де мыжып жіберді. Менің балам бар. Оны жалғыз асырап отырмын. Үйді көрмеймін бе деген қорқыныш болды. Орнымнан тұра алмай қаламын деп қорықтым. Ол менің шашымнан жұлып, тарта бастады", – деді зардап шеккен медбике Әсел Тасмағамбетова.
Оның айтуынша, ер адам оны 8 минут бойы ұрған.
"Ер адам оны өлтіре ме деп қорықтым. Жүктілігімнің алты айлығына қарамастан, ер адамды тоқтатуға тырыстым. Оның салмағы шамамен 100-120 келі. Ол медбикенің үстіне мініп, оны босатпады", – деді оқиғаның куәгері маммолог дәрігер Айнұр Жұмақаева.
Ер адам медицина қызметкерінің шашын жұлып, саусағын екі жерден сындырып, екінші қолын тістеп алған. Әсел Тасмағамбетованың миы шайқалды. Оған бас-сүйек жарақаты деген диагноз қойылды.
Қалалық полиция 42 жастағы ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғады.
"Күдікті психикалық-неврологиялық орталыққа жатқызылды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу барысы Қарағанды облыстық полция департаменті басшылығының бақылауында", – деді облыстық ПД ресми өкілі Бақытжан Құдияров.