Қақпаған есігі, бармаған жері қалмаған .

Жамбыл облысында балалар үйінің тәрбиеленушілері 14 жыл бойы далада қалған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Өйткені, мемлекеттен берілуі тиіс пәтер кезегінен күдерлерін үзген. Жылдап жылжымаған жағдайға күмәнданған ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастар әділдік іздеп ақыры қол жеткізді. Сөйтсе берілуге тиіс баспананы тұрғын үй шаруашылығының қызметкерлері созбалаңға салған екен. Жастайынан ата-анасынан айырылған Алена Орлова балалар үйінде тәрбиеленген.

Кәмелет жасына толып түлеп ұшқанда тегін берілуі тиіс пәтер кезегіне тұрған. Алайда отыз жасқа келгенше кезегі келмеген. Қақпаған есігі, бармаған жері қалмаған.

"Әділдік бар екен. Бастысы күту, сену керек. Бізге қол ұшын созған прокуратура қызметкерлеріне алғыстан басқа айтарым жоқ. Кезегіміздің он жылдап жылжымауын айтып қайда бармадым. 14 жылдан кейін орындалмас армандай еді. Мен күткен үйден де тамаша тонхаустан пәтерлі болдым", – деді Тараз қаласының тұрғыны Алена Орлова.