Құзырлы орган ресми түсінік берді.
Астанада жергілікті пабликтердің бірінде "Astana IT University" жанындағы колледж түлектері білім грантына қатысты шағымданғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Олардың сөзінше, жуырда ғана оларға ТжКБ бойынша ҰБТ нәтижесі негізінде тек екі университетке – ҚазТБУ мен Есіл университетіне ғана білім грантына құжат тапсыруға болатыны хабарланған. Түлектер бұл туралы енді естігендерін айтады. Олардың арасында AITU-да оқуын жалғастыруды мақсат еткендер де бар болып шықты.
Кейін AITU-да ТжКБ түлектеріне арналған мемлекеттік тапсырыс жоқ екені белгілі болды. Түлектерге Есіл немесе ҚазТБУ университеттеріне грантқа құжат тапсырып, кейін AITU-ға ақылы түрде ауысу ұсынылды.
Ғылым және жоғары білім министрлігі осы жайтқа байланысты түсініктеме берді.
Құзырлы орган білім гранты конкурсына құжат қабылдау 20 шілдеге дейін жалғасатынын атап өтті. Талапкерлер 4 білім беру бағдарламасын, 4 жоғары оқу орнын таңдай алады.
Ресми ақпаратқа сәйкес, "Astana IT University"-де қысқартылған оқу формасы бойынша мемлекеттік тапсырыс университеттің өтінімді дұрыс толтырмауына байланысты бөлінбеді.