Ол мұны "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидатының бір көрінісі" деп санайды .
Премьер-министр бұған Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында тоқталып өткен, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бектеновтың сөзінше, аталған мәселені Үкімет өз бақылауында ұстап отыр.
– Мемлекеттік органдардың сайттарында ақпараттың азаматтарға (оның ішінде мүгедектігі бар адамдарға) қолжетімді әрі ыңғайлы болуы – "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидатын сапалы іске асырудың негізі. Бұл мәселе Үкіметтің тұрақты бақылауында және туындаған мәселелер Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның жұмысында қаралады. Комиссия құрамына Сенат пен Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдардың, ҮЕҰ, БАҚ және мүгедектігі бар адамдардың өкілдері енген, – деді Үкімет басшысы жауабында.
Премьер-министрдің пікірінше, 2025 жылдың қаңтар айында "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Заңға түзетулер енгізіліп, Мәдениет және ақпарат министрлігіне ақпаратқа қол жеткізу саласында мемлекеттік бақылау құзыреті берілген. Сонымен қатар, Ақпарат ашықтығының презумпциясы бекітілді.
– Заңда мүгедектігі бар адамдардың мүдделерін есепке алу қағидаты және олар үшін ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері жеке бап ретінде қарастырылды. Сондай-ақ, ақпаратты проактивті тарату ұғымы және оны іске асыру тетігі енгізілді. Яғни, мемлекеттік органдар өз бастамасы бойынша (сұрау салмай) объективті ресми ақпаратты халыққа жеткізуге міндетті болды. Тұтастай алғанда, түзетулердің негізінде мемлекеттік органдарды мониторингілеу мен бақылау едәуір күшейтілді, – деп сөзін жалғаған Олжас Бектенов.