Оңтүстік Кореяда таеквондодан өткен World Taekwondo Diamond Game G-4 турнирі бойынша Қазақстан құрамасы қоржынында 6 медаль бар, деп жазады Egemen.kz.
Аралас командалық сайыста (Мерген Ғаниев, Абдурахмон Марипов, Камила Аймукашева, Аида Тәукенова) финалға дейін жеткен Қазақстан құрамасы шешуші кездесуде Өзбекстанның B құрамасына 0:2 көрсеткішімен есе жіберіп, турнирді күміс медальмен аяқтады.
Бұған дейін Қазақстан әйелдер құрамасы күміс медаль жеңіп алған.
Айта кетелік, қазақ спортшылары жекелей сайыста да жеңіс тұғырларынан көрінді. Нақты атағанда, Бекасыл Ергеш (80 келіге дейін) және Аяулым Асқар (67 келіге дейін) күміс жүлдегер атанса, Нұрбек Ғазез (68 келіге дейін) және Алмира Қанат (57 келіге дейін) қола медальға қол жеткізді.