Азық-түлік бағасының тұрақсыздығы қарапайым халықты қатты толғандырып отырғаны рас. Әсіресе әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын кім және қандай жолмен реттеп отыр деген сауал жиі көтеріледі. Сонымен қатар елорда тұрғындары күнделікті ас-ауқатқа қанша қаржы жұмсайды? Осы мәселелердің мән-жайын анықтау мақсатында «Астаналық» базары мен «Magnum» сауда желісіне арнайы барып, тұтынушылардың пікірін білдік.

«Астаналық» базарда сауда кешкілік уақытта да қызып тұр. Жұмыс күнінің өзінде азық-түлік алуға келген халықтың қарасы қалың. Үкімет бекіткен әлеуметтік маңызы бар тауарлардың шектік бағасы мен мұндағы бағаларды салыстыру үшін елмен бірге біз де базарды барлап көрдік.

Көбіне жаз мезгілінде көкөніс пен жеміс-жидек арзандайды деген түсінік бар. Алайда биыл шілдеде базар бағамы төмендегеннің орнына, кей тауарлардың құны шарықтап тұр. Мәселен, алманың бағасы сортына қарай 450 теңгеден басталса, шие 800 теңге мен 1 200 теңге аралығында саудаланып жатыр. Осы орайда Ләззат есімді тұтынушыны сөзге тарттық.

«Үйде кішкентайлар көп болған соң, оның үстіне жеміс-жидек піскен уақытында қарбыз-қауын, жүзім, шиелерді жиі алып тұрамыз. Жазда бағасы арзандайды деп едік, керісінше қымбаттап кетті. Күнделікті тамаққа кемі 10 мың теңгедей жұмсаймыз. Балалардың әкесі ғана жұмыс істеп, мен үй шаруасындағы адам болған соң, бұл – айтарлықтай салмақ. Бұған қоса жұмыртқаның да бағасы шарықтап кетті», деді ол.

Онысы – шындық. Тұрғындар әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке (ӘМАТ) жататын тауық жұмыртқасының бір данасын 45 теңгеден жоғары алып жүрген. Бүгінгі таңда оның бағасы 75-80 теңгеге жеткен. Саудагерлер бағаның күрт өсуін отандық өндірушілердің аздығымен және жеткізу шығындарының өсуімен байланыстырды. Қайбір жылы қымбаттап кеткен қанттың да себебін логистикалық проблемамен түсіндірген еді сарапшылар. Ең өкініштісі – кейін барлық мәселе шешілсе де, бағаның сол күйінде қалып қоятыны.

Осылайша, базардағы бағаны бағамдаған соң, іргедегі «Magnum» сауда желісіне кіріп көрдік. Бағаларды салыстырдық, басымызды шайқадық. Айырмашылық – айтарлықтай үлкен. Мысалы, «Magnum»-да 1 кг картоп 359 теңге болса, «Астаналық» базарда 400 теңгемен саудаланады. Ал сауда желісіндегі пияздың бағасы 313 теңге болса, базарда 360 теңгеге сатылып жатыр.

Сөйтіп супермаркет ішін аралап жүргенде кассаға қалай жетіп қалғанымызды байқамай қалдық. Назарымызға төлем жасап жатқан ақ жаулықты апа ілікті. Азық-түлікті үнеммен алғаны байқалады. Қымбатшылық туралы апамыз не дейді екен? Пікірін білдік.

«Отадан жаңа шыққан адам болған соң, көп ақшам дәріге жұмсалады. Оларды білесің, арзан емес. Өзім үкіметтен ең төменгі зейнетақы мен жәрдемақы аламын. Әйтсе де Аллаға шүкір. Балалардың жұмысы бар. Не дегенмен олар да азық-түлік арзанға түседі деп жеңілдіктерді «аңдып» отырады», дейді 75 жастағы зейнеткер. Онысы балалары сәтті әрі тиімді жасау үшін жеңілдік акцияларын бақылап отырса керек.

Содан кейін базарға енді кіріп келе жатқан үш-төрт бозбаланы байқадық. Жігіттермен танысып, сөзге тарттық. Л.Н.Гумилев атындағы университеттің студенттері екен. Пәтер жалдайды. Өз іштерінен ақша қосып, азық-түлік алуға келген. Апамызға қойған сауалды бұларға да қойдық. Жауабы қынжылтты.

«Ауылға қайтпай, қалада жұмыс істеп жүрміз. Жатақханадан шыққан соң, бірігіп пәтер жалдадық. Жалпы жағдай – жаман емес. Бірақ азық-түлікті «рассрочкаға» бөліп төлейтін кездер болады. Берешекті айдың соңында қосымша жұмыс істеп қайтарамыз», деді олар.

Бөліп төлеу механизмі қарапайым болғанымен, қауіпті екені белгілі. Онда сатып алу бағасы төлем кезеңінің айларының саны бойынша тең бөліктерге бөлінеді және қарыз алушы ешқандай комиссия төлемейді. Бірақ мұның да өз кілтипаны бар. Кейбір дүкендерде бөліп төлеуге болатын тауарлар кейбір несие беретін жерлерге қарағанда қымбатырақ болуы мүмкін. Экономист Арман Байғанов қарызданған тұрғындардың жағдайы алаңдатарлық деп санайды.

«Кейбіреулерге картамен төлеудің өзіндік артықшылығы бар шығар. Алайда бұл халықтың кейбір тобында азық-түлікке де ақша жетпейтінін көрсетеді. Азық-түлікті бөліп төлеу арқылы алатындар кедейлік деңгейіне жақын санатқа жататынын атап өту керек», дейді А.Байғанов.

Хош, халықтың әлеуметтік маңызы бар тауарларға да әлеуеті жете бермейтінін түсіндік. Қайтпек керек? Сарапшы Бауыржан Исабековтің пайымынша, қымбатшылықтың негізгі себебі – еліміздегі олигополиялық нарық. «Яғни бізде қалыптасқан 4-5 ірі компания бар. Солар өзара келісіп, бағаны жоғары деңгейде ұстап тұр», дейді ол. Мысалы, олигополиялық нарықтағы екі фирманың біреуі төмен баға, екіншісі жоғары баға белгілесе, онда сандық қатынасы шамамен 1:3 есебінде екеуінің табыстары әртүрлі болады. Ондай қадамға ірі компаниялар, әрине, бармайды. Ал зардап шегетін – баяғы халық.

Айтпақшы, алдағы екі жыл ішінде мемлекет азық-түлік бағасына мүлдем араласпауы мүмкін. Нарықты реттеуден бас тарту ұсынысы қазір ашық талқыланып жатыр.

«Бұл өзгеріс – отандық өндірушілер арасында әділ бәсекені қалыптастыруға жасалған қадам. Сәйкесінше, енді әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тамақ құны да құбылып отырады. Бұл отандық өндірісті тоқыраудан сақтайды», деп түсіндірді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев. Осылай деген ол әлеуметтік тауарлар бағасын мемлекеттік реттеуден кезең-кезеңімен бас тартуды ұсынып отыр.

Қорыта келе, бағаны тұрақтандыру және орын алуы мүмкін алыпсатарлықты болдырмау бойынша әлі де бірқатар жұмыс атқарылуы керек екенін аңғардық. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын әуелі бақылауда ұстап, кейін бос жіберу үмітімізді қаншалықты ақтайды? Уақыт көрсетеді.