Оларға көмектесеміз деген тағы екі жұмысшыға иіс тиіп, ауруханаға түскен.

Ақмола облысында су құбырын жөндеп жатқан екі жұмысшы қаза тапты, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Болжам бойынша олар метан газынан улануы мүмкін. Ал құдыққа түсіп, әріптестерін құтқармақ болған тағы екі азамат қазір ауруханада жатыр. Қайғылы жайт Целиноград ауданы Қараөткел ауылында болған.

Мердігер компания елдімекенге су тарту жұмыстарын жүргізіп жатқан екен. Терең шұңқырға түскен екі жұмысшы шыға алмай, оқиға орнында ажал құшты. Оларға көмектесеміз деген тағы екі жұмысшыға иіс тиіп, ауруханаға түскен. Науқастар қазір дәрігерлердің бақылауында.

Оқиғаның себеп-салдарын анықтау үшін еңбек инспекциясы тексерісті бастады. Полиция өз кезегінде іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.

"Осы факті бойынша ҚР ҚК 156-бабының 4-бөлігі "Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тиісті сараптама тағайындалды. Қазіргі кезде мемлекеттік еңбек инспекторымен тексеріс жүргізіліп жатыр", – деді Ақмола облыстық полиция департаментінің жетекші маманы Әлия Біләлова.