Іріктеуге қатысатын спортшылар 18 жасқа толған болуы міндетті.
Биыл желтоқсанда Абу-Даби қаласында өтетін "Болашақ ойындары – 2025" халықаралық фиджитал турниріне Қазақстан тарапынан қатысатын командаларын іріктеу жарысы 21-27 шілде аралығында өтеді. Оны Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстанның Киберспорт федерациясы ұйымдастыруда.
Road to Abu Dhabi іріктеу турниріне қатысу үшін барлық ниет білдірген командалар 2025 жылғы 18 шілдеге дейін тіркеуден өтуі тиіс. Жарыстар фиджитал форматта – яғни кибер және дәстүрлі спортты біріктіретін екі спорт түрі бойынша ұйымдастырылады: фиджитал футбол және фиджитал баскетбол. Іріктеуге қатысатын спортшылар 18 жасқа толған болуы міндетті.
Іріктеу додасының финалы Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді. Жеңімпаздар Қазақстанды халықаралық аренада танытуға мүмкіндік алып, Абу-Дабиде өтетін "Болашақ ойындары – 2025" фиджитал концепциясындағы көпсалалы халықаралық турнирінде бақ сынайды.
Командаларды келесі сілтемелер арқылы тіркеуге болады:
- Фиджитал баскетбол
- Фиджитал футбол
Ескерту: Қатысушылар жолақы, тұру және тамақтану шығындарын өздері көтереді.
Фиджитал спорттың тұжырымдамасындағы "Болашақ ойындары" (Games of the Future) халықаралық мультиспорттық турнир алғаш рет 2024 жылы Қазан қаласында өтті. Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев басқа мемлекет басшыларымен бірге қатысты. Дәл осы шара барысында Мемлекет басшысы турнирді алдағы уақытта Қазақстанда өткізу туралы бастама көтерген еді. 2024 жылғы турнирге 2 мыңға жуық спортшы қатысты. Олар бүкіл әлемге танымал бейнеойындармен үйлестірілген 21 инновациялық спорт түрінен бақ сынады. Жалпы жүлде қоры рекордтық 10 миллион долларды құрады. Бұл турнирде қазақстандық фиджитал-спортшылар 13 түрлі дисциплинада өнер көрсетті.
Айта кетейік, Games of the Future 2026 турнирі 2026 жылы Астана қаласында өтеді, іс-шараға 100-ге жуық мемлекеттердің спортшылары қатысады деп жоспарлануда.
Оқи отырыңыз:
2026 жылы "Болашақ ойындары" Қазақстанда өтеді: Биылғы 1 тамызда іріктеу турнирлері басталады
2026 жылы жазда Астанада Games of the Future турнирі өтеді