Көпкүндік жарыс 9-13 шілде аралығында өтуде .
Қазақстандық велоспорт шеберлері әлем назарын тағы да өзіне аударды. Жас велошабандоз Николя Винокуров Аустрия турының алғашқы кезеңінен кейін тау классификациясында көш бастап, ел намысын абыроймен қорғап отыр.
Аустрия туры Еуропаның ең беделді көпкүндік жарыстарының бірі. Бірнеше жылдық үзілістен кейін қайта оралған бұл дода халықаралық деңгейде маңызын жоғалтпағанын дәлелдеп отыр. Тур UCI күнтізбесінде 2.1 санатына жатады және оған әлемнің ең мықты командалары қатысуда. Олардың қатарында UAE Team Emirates, INEOS Grenadiers, EF Education–EasyPost, Lidl–Trek сынды беделді ұжымдар бар. Осындай тартысты жарыста көзге түсу әр шабандоз үшін үлкен мәртебе.
Алғашқы кезең Аустрияның Штайр қаласында басталды. 167 шақырымнан астам жолды қамтыған тау мен жазықты үйлестірген бағытта спортшылар барын салды. Кезең жеңімпазы UAE Team Emirates командасының мүшесі Феликс Гросшартнер. Алайда, басты сенсацияны қазақстандық Николя Винокуров жасады. Ол аралық асуларда ұпай жинау арқылы тау классификациясында топ жарып, арнайы көшбасшының жейдесін иеленді.
Жарыстың алдағы кезеңдері де оңай емес. Велошабандоздар Зальцбург, Инсбрук, Кюхтай сияқты аймақтардың қиындығы мол таулы жолдарынан өтеді. Бұл бағыттарда тек физикалық дайындық жеткіліксіз. Нағыз шеберлік, тактикалық ойлау және төзімділік шешуші рөл атқарады. Дәл осындай сын сағаттарда чемпиондардың есімі анықталады.
Аустрия туры енді басталды. Алда — шешуші күндер. Қазақстандық жанкүйерлер Николя Винокуровтың жеңісті жолын жалғастырып, тағы бір тарихи сәт сыйларына сенім артып отыр.
Айта кетейік, турнирде Николямен қатар қазақстандық велошабандоздардан Антон Чармиг, Даррен Ван Беккум, Иде Схеллинг, Хаоюй Су, сондай-ақ XDS Astana Development Team командасының өкілдері Иван Смирнов пен Даниил Марухин де сынға түсуде.