Өткен демалыс күндері Қапшағай су қоймасында қайғылы жағдай орын алды. Оның куәгерлерінің бірі мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек. Халық қалаулысы желіде "жабайы" туризмнің кем-кетігін ашына жазды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Базарбек отбасымен бірге демалу үшін "қоғамдық жағажайды" таңдағанын және қалай қайғылы жағдайдың куәсі болғанын айтты.

"Бір қыз қаза тапты — көз алдымда. Оны құтқарып қалуға болар еді! Біріншіден, біз демалған жағажайда (және жалпы заңнама талаптарына сәйкес) бейнебақылау камералары, құтқару шеңберлері, құтқару мұнаралары орнатылуы тиіс, құтқарушыларда дүрбілер, алғашқы медициналық көмек көрсете алатын медицина қызметкері, дауыс зорайтқыш, ақпараттық тақталар болуы керек. Өкінішке қарай, бұлардың ешқайсысы жоқ! Халықтан тек ақша жинап, демалуға қолайлы, өркениетті жағдай жасалмаған",- деп жазды ол.

Оның айтуынша, суға кеткен қызға алғашқы көмекті қарапайым куәгерлер мен марқұмның туыстары көрсетуге тырысты, бірақ олардың қажетті дағдылары мен құзыреті болмады.

"Демалыс аймағының әкімшілігі де, иелері де, құтқарушылар да болған жоқ. Қызды құтқарғандар — құтқарушылар емес, қайықты жалға беретін қарапайым қайықшылар мен туыстары, куәгерлер. Осындай "жабайы" жағдайда, Капшағай жағажайларында егер суға кетіп жатсаң, сені кәсіби құтқарушылар емес, теледидардан құтқару тәсілін көрген қарапайым демалушылар құтқаратынын, ал алғашқы көмекті медиктер емес, сол демалушылар көрсететінін түсінесің. Қазақстандағы "жабайы" жағажайлар — нағыз "ресейлік рулетка" сияқты". Бақытжан Базарбек

Сондай-ақ, ол болған оқиғадан кейін Капшағайдағы су қорғау жолақтары мен жағалау демалыс аймақтарына ауқымды тексерістер бастайтынын жеткізді.

Өз кезегінде Қонаев қаласының әкімдігі қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдіріп, Қапшағай жағажайларында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып өтті.

"Қонаев қаласының әкімдігі суға батып кеткен қыздың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. 7 шілдеде орын алған оқиғаға байланысты Қонаев қалалық полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 306-бабы 3-бөлігі бойынша ("Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету") қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Айта кету керек, әкімдік демалыс орындары мен жағажайлар қызметіне тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады. Тексеріс барысында анықталған заңбұзушылықтар бойынша құзырлы органдарға шара қолдану үшін материалдар жолдануда", – деп хабарлады әкімдік.

Әкімдіктегілердің айтуынша, бұған дейін прокуратура, ТЖД және әкімдік өкілдері жағажайларда жұмыс істейтін кәсіпкерлермен бірнеше рет кездесу өткізіп, заң талаптарын түсіндірген.

"Қайғылы жағдай орын алған демалыс орнының жұмысы уақытша тоқтатылды. Қонаев қаласында 109 бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді, оған кез келген оқиға туралы хабарлап, қауіпсіздікке қатысты ұсыныс-өтініштерді жолдауға болады. Қала тұрғындары мен қонақтарын жағажайлар мен бизнес нысандары жұмысына қатысты заңбұзушылықтарды көрсетілген нөмірге хабарлауға шақырамыз", – деп үн қатты әкімдік.

Айта кетейік, маусым айының соңында Алматы қаласындағы Сайран көлінде қатарынан екі адам суға батып кеткен еді.