2012 жылы күдікті Теміртауда адамға қиянат жасаған.

ҚР Бас прокуратурасы мен ішкі істер министрлігінің қызметкерлері, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Қазақстан елшілігінің қолдауымен, құқық қорғау органдарының қызметкерлері Дубай қаласынан 12 жылдан бері іздеуде жүрген күдіктіні елге қайтарды, деп жазады inbusiness.kz сайты Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Күдікті 2012 жылдың 25 наурызында Теміртауда бұзақылық жасап, азаматқа орташа ауырлықтағы дене жарақатын келтірді деген күдікке ілінген.

Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті жәбірленушіге еш себепсіз шабуыл жасап, екі жерден жақ сүйегін сындырған. Қылмыстан кейін күдікті ел аумағынан бой тасалап, ұзақ уақыт халықаралық іздеуде болған.

Тек 2024 жылы ол БАӘ аумағында ұсталып, Қазақстанның сұранысы бойынша экстрадициялау рәсімі жүргізілген.

Қазіргі таңда күдікті Қазақстанға жеткізіліп, тергеу органдарына тапсырылды. Ол енді Қылмыстық кодекстің тиісті бабы бойынша жауапқа тартылады.