Орал қаласындағы 6 автоөткелдің екеуі биыл жөнделеді , деп хабарлайды 24kz.

Соның бірі – Депо ауданындағы теміржол үстінен салынған өткел. 2018 жылы салынған көпірдің көпке бармай-ақ жіктері ашылып, шұңқырлар пайда болған еді. Шаһар басшылары нысанды былтыр жаңартамыз деп уәде бергенімен, қаржы тапшылығы қолбайлау болыпты. Қазір көпірде көлік қозғалысы тоқтатылып, құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Теміржол депосы ауданындағы өткел 2018 жылы тапсырылыпты. Алайда жеті жыл өтпей жатып, өткелдің деформациялық жіктері жарамсыз күйге түскен. Былтырдан бері көлік жүргізушілері көпірден өткенде қиындық көріп келгендерін айтады. Енді қазір көпірде көптен күткен жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Қала тұрғыны Алтынбек Ғабделов Депо ауданындағы автоөткелмен жиі өтеді. Бірақ әр өткен сайын абайлап жүруге тырысады. «Өйткені көпір тіректері арасындағы деформациялық жіктер дөңгелекті тесіп жіберуі ықтимал», — дейді ол.

Алтынбек Ғабделов, Орал қаласының тұрғыны:

- Менде мысалы төменпрофильді дөңгелек тұр. Ол жермен өткенде сақ болмаса, дөңгелекті тесуі әбден мүмкін. Сосын шиномонтаж жағалауға мәжбүр боласың. Жалпы тек ол көпір емес, Деркөл ауданындағы көпірді де жөндесе дейміз. Ол жерде де шұңқырлардан қашып жүреміз.

Депо ауданындағы көпір 2 жолақтан 4 жолаққа кеңейіп, қайта салынған жаңа көпір. Бірақ уақытында асфальт қабаты төмен төселгендіктен, деформациялық жіктер көлік салмағына төтеп бере алмапты. Тоғыз жіктің алтауы жарамсыз болған.

Әлихан Нұрдәулет, учаске бастығы:

- Жарамайтын деформарциялық жіктерді алып тастап, орнына жаңасын қойып жатырмыз. Асфальт түсіп кеткен, сол себепті жіктер машина жүрісімен босап кеткен. Негізі екі аптаға келісілген. Бірақ осы бастағанымызға үш күн болды. Одан ертерек бітіріп қалатын шығармыз. Ертең асфальт төсеуді бастаймыз.

Сондай-ақ Деркөл шағынауданындағы көпірді дереу жөндеу керек. Жуырда нысанды тексерген мамандар осындай ұйғарымға келіпті.

Дархан Еркінұлы, Орал қалалық ТКШ бөлімі басшысының орынбасары:

- Жол жөндеу саласындағы мамандармен және әкімшілік полиция басқармасы мамандарымен бірге шығып тексеру барысында проблемалық аумақтар деп Депо өткелі және Деркөл ауданындағы көпір анықталды. Осы Депоны бітіргесін аталған жұмысшылар Деркөл аумағына жол жөндеу жұмыстарына деформациялық жіктерді ауыстыруға көшетін болады.

Орал қаласында өзенге салынған 3 көпір, теміржол арқылы салған 5 автоөткел бар екен. Мамандар өзге өткелдердегі анықталған ақаулардың да таяу жылдары жөнделетінін айтады.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ.Ақрап, Э.Аюпов