Су тасқыны мен құмды дауылдардан басталған экологиялық апаттар бүгінде адамдарды үйлерін тастап кетуге мәжбүрлеп, тұтас қалалардың жер бетінен жоғалуына әкелуде,деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жыл өткен сайын жойылып кету қаупі төнген елді мекендердің саны артып келеді.
Lenta.ru сайты хабарлағандай, бұған басты себеп – климаттың өзгеруі. Ол әлемнің инфрақұрылымына, экономикасына және миллиондаған адамның өмір салтына тікелей әсер етуде.
Мавританияда ежелгі Уалата қаласы – ЮНЕСКО мұрасына енген ислам мәдениетінің бұрынғы орталығы – құм астында баяу жоғалып барады. Қатты жауын-шашын көптеген үйлерді қиратып, тұрғындардың 60%-дан астамы қала аумағынан көшіп кеткен. Сондай-ақ, Шингетти қаласы да жойылу қаупінде тұр. Сахара шөлі жыл сайын 48 шақырымға ұлғаюда.
Бір қалалар құм астында қалса, енді біреулері су астына кетіп жатыр. Нью-Йорк, Александрия, Лагос, Майами, Джакарта сынды мегаполистер мұхит деңгейінің күрт көтерілуінен зардап шегуде. АҚШ-тың Ұлттық мұхиттық және атмосфералық әкімшілігінің (NOAA) мәліметінше, 2100 жылға қарай мұхит деңгейі кем дегенде 30 см-ге көтеріледі. Қазірдің өзінде Александрияда теңіз жылына 3 мм жерді «жұтып» жатыр, ал Лагоста 2080 жылға дейін аумақтың 80%-ы су астында қалуы мүмкін.
Табиғи апаттар да күшейіп келеді. 2020 жылы ғана табиғи катаклизмдер салдарынан 30,7 миллион адам баспанасын тастап кеткен. 2025 жылы Альпі тауларындағы Берч мұздығы бүкіл Блаттен атты швейцариялық ауылды жойды. Техас, Оклахома және Калифорнияда орын алған орман өрттері мыңдаған адамның үйін күлге айналдырды, ал Лос-Анджелес маңындағы өртпен күрес жалғасуда.
Арктикадағы жағдай одан да алаңдатарлық. Мұзды топырақтың еруінен тіреуіштерге салынған үйлердің тұрақтылығы төмендеп жатыр. Ресейдің солтүстігіндегі Ноябрьсктен Надымға дейінгі ондаған қала қауіп аймағында. Ғалымдардың болжамынша, ғасыр ортасына қарай мәңгі тоң аймағындағы тұрғын үйлердің 70%-ына дейін жойылу қаупі төніп тұр. БҰҰ есебіне сәйкес, 2030 жылға қарай жыл сайын 560 табиғи апат тіркелуі мүмкін.