«Айбын-2025» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны аясында «Күшіміз бірлікте» әскери-далалық тактикалық ойыны өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Оған бұған дейінгі жиын кезеңдерінде үздік нәтиже көрсеткен командалар қатысты. Әскери-тактикалық сценарий мүмкіндігінше нақты жағдайларға жақындастырылған. Жауынгерлік бұйрық алғаннан кейін қатысушылар іс-қимыл үйлесімділігін, жергілікті жерді бағдарлау, топтағы өзара іс-қимыл, шартты түрде жараланғандарды эвакуациялау, кедергілерді еңсеру және дағдарыстық жағдайларда тактикалық ойлай білу машықтарын көрсетті.

Мұндай сынақ күш-қуат тұрғысынан шыңдалуға, сондай-ақ командада бір-біріне дем беруге, тәртіп пен сенімнің маңыздылығын түсінуге ықпал етеді. Болашақ Отан қорғаушы осылай қалыптасады, – деп атап өтті «Айбын-2025» лагерь жиыны штабының бастығы подполковник Дәулет Бейсеков.

Төзімділік емтиханына айналған ойындар командалық үйлесімділік пен көшбасшылықты дәлелдей білді. Көптеген жасөспірімдер үшін бұл әскердегі ұжымдық іс-қимылдың алғашқы тәжірибесі болды.

«Айбын» әскери-патриоттық жиынына алғаш рет қатысып отырмын. Біздің команданың көшбасшы атанып, әскери-далалық ойындарда бақ сынасқанын мақтан тұтамын. Мұнда біз сарбаз ретінде командирдің бұйрығын бұлжытпай орындаудың қаншалықты маңызды екенін сезіндік, – деді семейлік жас патриот Жақан Абзал.