Ұлытауға қайтарылған активтер есебінен 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, деп хабарлайды 24KZ. Оған 11 әлеуметтік жоба салынады. Қаражал қаласы мен Манадыр станциясында жаңа мектеп, ал шалғайдағы бірнеше елді мекенде фельдшерлік-акушерлік пункт салынып жатыр. Жыл соңына дейін Жаңаарқа ауданындағы екі ауыл таза сумен қамтылады.
Қайтарылған қаржыға салынып жатқан 11 әлеуметтік нысанның жетеуі денсаулық сақтау саласына тиесілі. Солардың бірі – Кеңгір ауылындағы отбасылық-дәрігерлік амбулатория. 2500 тұрғыны бар елді мекенде медициналық мекеме болмаған. Ауыл халқы дәрігер көмегін алу үшін Жезқазғанға қатынайтын. Қазір құрылыстың дені аяқталды. Нысанның ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр.
Ринат Алматов, Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
- Кеңгірде дәрігерлік амбулатория салынды. Енді ол жақта медициналық көмек алуға болады. Медициналық пунктер мен амбулаторияларды қыркүйек айында пайдалануға береді деп жоспарлап отырмыз.
Жаңаарқа ауданына қарасты Манадыр ауылының балалары алдағы оқу жылының 2-ші тоқсанынан бастап жаңа мектепке көшеді. Осыған дейін мұндағы 120 оқушы үш бөлмелі тар үйде білім алды. Заманауи үлгідегі тағы бір білім ордасы Қаражал қаласының Теміржол шағынауданында салынып жатыр. Себебі бұл ауданның оқушылары теміржол өткелінен өтіп, қалаға қатынап оқиды.
Мирас Сәруар, облыс прокурорының аға көмекшісі:
- Тұрғындардың пікірін ескере отырып, 11 әлеуметтік нысан анықтадық. Қазіргі уақытта құрылыстары жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік нысандар аймақтарда орналасқандықтан, аймақтық прокурорлармен үнемі қадағалау жүргізіліп отыр. Қазіргі уақытта құрылыс барысында заңбұзушылықтар анықталған жоқ.
Әлеуметтік нысандардан бөлек, қайтарылған қаржы есебінен Жаңаарқа ауданында 2 ауылға ауызсу құбыры тартылып жатыр. Мұның барлығы жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі. Бұдан бөлек, облыс әкімдігі тағы 12 әлеуметтік жобаның сметалық құжаттарын әзірлеп жатыр.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов, Гүлшаһира Серекбаева