Астанада Ұлттық академиялық кітапханада «Әділ қоғам» атты мәдени-қоғамдық жобаның ресми таныстырылымы өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл бастама Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен ЮНЕСКО жанындағы Мәдениеттер жақындасу орталығының бірлесуімен жүзеге асырылып отыр.
Жоба «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында қолға алынған. Мақсаты – қоғамда адалдық пен адамгершілік құндылықтарын насихаттап, парасаттылық мәдениетін өнер мен тарихи мұра арқылы нығайту.
Іс-шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым мүшелері қатысты.
Кітапхана кіреберісінде қонақтар назарына мектеп оқушыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы үздік суреттері, «Ізгілік дәстүрі» бейнероликтері мен ұлттық моральдық құндылықтарды бейнелейтін «Ұлы дала әдебі» көрмесі ұсынылды.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жобаның маңыздылығына тоқталды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қоғамдағы адалдық пен әділеттілікті дәріптейтін «Әділ қоғам» жобасын іске қосып отырғанына қуаныштымын. Әр адам әділет пен сенім орнаған, гүлденген елде өмір сүруді армандайды. Өйткені өзінің және балаларының ертеңі үшін тұрақты әрі қауіпсіз қоғам құру қашанда маңызды. Сондықтан да әр адам өз тағдырын туған Отанымен, елімен байланыстыратыны анық, – деді министр.
Оның айтуынша, бұл жолда бірігіп әрекет ету, рухани құндылықтарды сақтау және дәріптеу – баршаға ортақ парыз. Министр жобаның осы ортақ мүддеге жол ашатын нақты қадам боларына сенімді екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында елге және заңға қызмет етуге бел буған әрбір азамат адамгершілік пен әділдік құндылықтарын басшылыққа алуы қажет екенін айтты. Мұндай қасиеттер ең алдымен тәрбие арқылы беріледі. Сондықтан біз әр азаматтың бойына адалдықты дарытып, жастарды парасат пен ізгілікке баулу жолында бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Тек осылай ғана біз тұрақты, сенімді, адамгершілікке негізделген қоғамды бірге қалыптастыра аламыз, – деді Аида Балаева.
Министр құқықбұзушылық көрсеткіштерінің айтарлықтай төмендегеніне де назар аударды. Оның сөзінше, 2019 жылдан бері қылмыстық құқықбұзушылықтар екі есе азайған. Қарақшылық, тонау, ұрлық, бұзақылық төрт есеге, кісі өлтіру қылмыстары 30%-ға төмендесе, қоғамдық орындардағы қылмыстар 80%-ға қысқарған.
Бұл бір қарағанда жай ғана цифрлар секілді көрінуі мүмкін. Алайда бұл – атқарылған ауқымды жұмыстың нақты нәтижесі. Бұл – адал азамат тұжырымдамасымен біте қайнасқан біртұтас қоғамның берік негізі. Егер адам рухани бай болып, адалдықты берік ұстанса, жамандыққа бой алдырмайды. Сондықтан әділетті қоғам құру жолында адал азамат тәрбиелеуде мәдениет пен ақпарат саласының рөлі ерекше, – деді министр.
Министрлік қазіргі таңда қоғамдық даму, азаматтық ұстанымды қалыптастыру, жастардың интеллектуалды және шығармашылық әлеуетін арттыру, ақпараттық-идеологиялық насихат бағытында нақты жобаларды жүзеге асырып жатқанын атап өтті.
Мәдениет – жай ғана эстетикалық кеңістік емес, ол – ұлттың жан дүниесі, адамгершілік өлшемі. Сол себепті мәдениет пен парасаттылық, әділдік пен адалдық әрдайым қатар жүруі тиіс. «Әділ қоғам» жобасы осы бай мұраны заманауи ағарту ісімен ұштастырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық сана мен мәдениетті қалыптастыруды көздейді, – деді Аида Балаева.
Министр жобаның мәдениет, театр, көркем өнер арқылы халықпен ашық диалог құруға мүмкіндік беретін алаңға айналатынына сенім білдірді.
Шынайы өзгеріс адамның ішкі дүниесінен, сана өзгерісінен басталады. Ата-бабаларымыз әрдайым әділдік пен ұятты өмірлік өлшем етіп ұстанған. Біз осы рухани-мәдени сабақтастықты ұмытпауымыз керек. Мәдениет пен білім арқылы әділ қоғам құру – болашаққа салынған ең сенімді негіз. Сондықтан бүгін алғаш қадамын бастағалы отырған осы жобаның ұзақмерзімді, нәтижелі платформаға айналатынына сенімдімін. Оған бәріміз бірлесіп атсалысамыз, – деп түйіндеді сөзін министр.
Басқосуда «Жаңару» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мэлс Семғалиев жобаның өзектілігін ерекше атап өтті.
Бұл бастама өте қажет әрі дер кезінде қолға алынған шара. Президент құқық қорғау органдарымен өткізген соңғы кеңесте де «Заң мен тәртіп» қағидасын нақты іске асыру қажеттігін баса айтты. Ал сол заң мен тәртіпке қоғамды тартудың бір жолы – мәдениет арқылы ықпал ету. Қазақ халқы сөзге тоқтаған, келісімге келгенде куә қажет етпеген. Бұл – бізде ежелден заңға бағыну, әділетке ұмтылу дәстүрі бар екенін білдіреді. Яғни бұл жоба – өз мәдениетімізді жаңғыртып, сол арқылы бүгінгі ұрпаққа заң мен тәртіпті санаға сіңірудің жолы, – деді ол.
Мэлс Семғалиевтің пікірінше, сыбайлас жемқорлықпен күрестің басты тетігі – ұлттың рухани иммунитетін күшейту. Ал мәдениет – сол рухани иммунитеттің қайнар көзі.
Экономиканы дамытатын басты драйвер – мәдениет. Мәдениетті, білімді, заңды құрметтейтін халық қана алға жылжи алады. Сондықтан бүгінгі шара өз нәтижесін береді деп сенемін, – деді қоғамдық бірлестік төрағасы.
ҚР Ұлттық музейінің бөлім жетекшісі, өнертану PhD докторы Ардаби Мәулетұлы да жобаның маңыздылығына ерекше тоқталып, оның мәдени және рухани негізде жүргізілуін жоғары бағалады.
Көпшілік жемқорлықпен күрес тек заңмен жазалау деп қабылдайды. Бірақ бұл жолы қолға алынған тұжырымдама мүлде бөлек. Бұл – мәдениет, руханият, дәстүр арқылы жасалып отырған қадам. Қазақ халқы ежелден заң мен тәртіпке бағынған, сөзге тоқтаған текті ел. Дала заңы, Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы – бүгінгі Конституциямыздың рухани іргетасы. Біз осындай тарихи тамырды жаңғырту арқылы ғана қоғамда шынайы серпіліс жасай аламыз, – деді ол.
Ардаби Мәулетұлының айтуынша, «Әділ қоғам» жобасы – идеологияның жаңа форматы. Ол қоғам мүшелеріне парасаттылықтың мәнін терең түсіндіру, жас ұрпаққа адалдықты кішкентайынан үйрету үшін маңызды бастама екенін атап өтті.
Қазақ «еңбексіз тапқан мал – арам» дейді. Бұл – жай сөз емес, ғасырлар сүзгісінен өткен қағида. Біз осындай моральдық ұстанымдарды бүгінгі жастарға жеткізе білуіміз керек. Егер бұл тұжырымдама нақты іске асып, жүйелі түрде жалғасатын болса, қоғамда өзгеріс болады, – деді ол.
«Әділ қоғам» жобасы – әділетті қоғам қалыптастыруға, тұрақты даму мен рухани жаңғыруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ мәдени және білім беру бастамалары арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы құндылықтарды ілгерілетуге бағытталған.
Жоба белсенділерді, танымал қоғам қайраткерлерін біріктіріп, ашық қоғамдық диалог алаңына айналады. Осылайша, «Әділ қоғам» тек жоба ғана емес, сонымен қатар саналы әрі жауапты азаматтық қоғамды қалыптастыруға бағытталған нақты қадамдардың негізі болмақ.