Бүгін ІІМ қызметкерлерін Полиция күнімен құттықтаған Қасым-Жомарт Тоқаев саладағы бірқатар жайтты тізбелеп шықты.

Ол "Әділетті елдің соты да әділ болуы керек" деген пікірді ұстанатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Президенттің сөзінше, рақымшылық барлық мәселенің түпкілікті шешімі емес, Әрі мемлекет шалыс қадам басқан азаматтан теріс айналмайды, тек оның тура, дұрыс жолға түсуіне жәрдем береді.

– Рақымшылық жасау дегеніміз, бұл – барлық мәселенің шешімі емес, бір реттік қана шара екенін түсінген жөн.

Сондықтан осы бағытта нақты нәтиже болу үшін қылмыстық атқару жүйесін барынша жетілдіру қажет. Негізгі мақсат – сотталған адамды қоғамнан алшақтату емес. Тиісті тәрбие жұмысын жүргізу өте маңызды. Олардың бойына заң мен тәртіп құндылығын сіңіретін және қалыпты өмірге оралуына ықпал ететін озық тәсілдерді енгізу керек.

Мәселен, кейбір елде жазасын өтеушілер "қамау мерзімін қысқартуға" мүмкіндік беретін шараларды қолдана алады. Абақтыда ескерту алмаған, жаңа білім игерген, спорттық-мәдени шараларға қатысқан адамдарға осындай жеңілдік беріледі. Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп, осы мәселені мұқият пысықтауы қажет. Шетелдің озық тәжірибесін зерттеген жөн. Бұл жұмысқа отандық сарапшыларды да тарту қажет, – деп атап өтті Президент.

Сондай-ақ, сотталғандарды түзеудің ең тиімді жолына тоқталды.

– Жазасын өтеп жүргендерді қалыпты өмірге дайындаудың тағы бір тиімді жолы – еңбекпен, яғни, жұмыспен қамту. Бұл бағытта біраз түйткілдер бар, нақты шаралар қолдану керек. Осы орайда біздің кәсіпкерлеріміз жазасын өтеу мекемелерінің жанынан түрлі кәсіпорын ашу мүмкіндігін қарастыруы керек деп ойлаймын. Мұндай серіктестік шетелде кең тараған. Бұл шараның екі жаққа да тигізер пайдасы мол. Жазасын өтеп жүргендердің тапқан табысы бостандыққа шыққан соң олардың қалыпты өмірге оралуына көмектеседі. Ал өндірісте меңгерген дағдысы жақсы жұмыс табуына жол ашады.

Жалпы, бизнес өкілдері қылмыстық-атқару жүйесімен жан-жақты ықпалдастық орнату жолдарын мұқият саралағаны жөн. Мысалы, еліміздегі компанияның бірі өз қаржысын жұмсап, Алматыда кәмелет жасына толмаған құқық бұзушыларға арналған заманауи тәрбиелеу мекемесін салып жатыр. Үкімет мұндай тәсілді белсенді түрде қолдануы керек, басқа компанияларды осындай серіктестікке тарту қажет, – деп есептейді Мемлекет басшысы.

Осыған дейін Президент 2019 жылдан бері қылмыстық құқықбұзушылық саны шамамен екі есе азайғанын айтқан еді.