Ресей президенті Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы кезінде орыстар мен украиндарды бір ұлт деп атап, "Украина түгелдей біздікі" деген сарында сөйледі, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Владимир Путиннің Украинаға қатысты тағы бір даулы мәлімдемесі ақпарат құралдарының назарына ілікті. Ол "орыстар мен украиндар — бір халық" деп тағы қайталаған.

"Біздің әрекетіміз өзін Ресеймен қан арқылы, рухани тұрғыда байланысты сезінетін халықты қорғауға бағытталды", – деді ол.

Путин бұл тақырыпта бұған дейін де айтқанын және өзінің осы ұстанымынан айнымайтынын жеткізіп, "Украина түгелдей біздікі" деп сөйлеген.

Бұл мәлімдеме екі ел арасындағы қақтығыстың жалғасып жатқан тұсында және Мәскеуге бағытталған халықаралық сынның күшейген шағында айтылып отыр. Украина билігі бұған дейін мұндай сөздерді “егемендікке қол сұғу” деп бірнеше мәрте мәлімдесе де, Путин көзқарасынан айнымай отыр.