Медеу аудандық сотының экс-судьясы Светлана Жолманова аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды .

Үкімді Медеу аудандық сотының судьясы Қанат Әрінов жария етті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ол Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы – "Аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау" бойынша кінәлі деп танылды.

Тергеу материалдарына сәйкес, Жолманова 2021–2024 жылдар аралығында жылжымайтын мүлік сатып алуға және тендерге қатысуға көмектесемін деген уәдемен азаматтарды алдап, сенімдеріне кіріп, олардың миллиондаған теңгесін иемденген. Зардап шеккендердің қатарында оның достары, көршілері, таныстары мен әріптестері бар.

Сот үкіміне сәйкес, ол жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару мекемесінде өтейді. Қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы күшінде қалды.

Іс аясында тағы бір айыпталушы – Данияр Күшалиев те сотталды. Ол Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Тергеу барысында Жолманованың алаяқтық әрекеттеріне қатысты 48 эпизод анықталып, бір іске біріктірілген. Бұған дейін прокурор Раушан Абдулла айыптау актісін жария еткен.

Айта кетейік, сот отырысы бес рет кейінге шегерілген еді.