фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Stadler Kazakhstan зауытына барып, кәсіпорын шығарған алғашқы жолаушылар вагонымен танысты, деп хабарлайды 24kz.
Жаңа вагондарда жайлылық мен қауіпсіздікті арттыруды көздейтін заманауи инженерлік шешімдер қолданылған. Қатаң климаттық жағдайға бейімделіп жасалғандықтан қолдану мерзімі – 40 жыл жетеді. Кәсіпорын купе, плацкарт және қозғалысы қиын жолаушылар үшін арнаулы вагондар шығарады. Биыл 51-ін, ал 2030 жылға дейін 557 жаңа өнімді пайдалануға беру жоспарланған. Бұл ұлттық тасымалдаушының паркін толығымен жаңартуға мүмкіндік береді. Өндірісті локализациялауға қазақстандық кәсіпорындар тартылған. Аралау барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа темір жол қатынасы жүйесін жаңғырту жөнінде есеп берілді. Бүкіл ел бойынша 125 вокзалға жөнделіп, қызмет көрсету сапасын арттыруға және өңірлердегі көлік байланысын жақсартуға бағытталған шешімдер енгізіліп жатыр. Сонымен қатар Президент темір жол саласының жұмысшыларымен әңгімелесті.