Елімізде моноқалаларды дамытуға 4 жылда 500 миллиард теңгеден астам инвестиция салынбақ. Бұл жайында Үкімет басшысы Олжас Бектенов моноқалаларды дамыту мәселелері бойынша республикалық кеңесте хабарлады. Жиында шағын қалалардағы экономиканы нығайту үшін бағыт-бағдар көрсетіліп, нақты тапсырмалар берілді.

Республикалық семинар Қарағанды облысы Саран қаласында өтті. Себебі ірі кәсіпорындарға бай шаһар 1 жыл бұрын моноқалалар тізімінен шығарылып, өз алдына дербес атанған. Бүгінде қалада автобус құрастырылып, тұрмыстық техника мен автомобиль дөңгелегінн өндіретін түрлі зауыттар жұмыс істеп тұр. Соның арқасында қалада су желілері 100% жаңғыртылып, 4,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды.

Дарын Бұлқайыр, Саран қаласының әкімі:

Саран қаласы моноқаладан шыққан болатын. Оған септігін тигізген өңіріміздегі Саран индустриалдық аймақтағы 6 жобаның іске асырылуы. Жалпы соммасы 318 млрд теңге жұмылдырылған болатын. Соның арқасында жыл соңына дейін тағы 2 жобаны іске қосу жоспарда. Әрине бұл экономиканың дамуына оң серпін тигізді.

Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген Премьер-министр Олжас Бектенов Саран қаласын үлгі ете отырып, басқа шағын қалаларға тың серпін беретін тапсырмалармен бөлісті. Биыл 1 желтоқсанға дейін Балқаш және Құлсары қалаларында индустриялық аймақтар құру бойынша жұмысты жеделдетіп, Сәтбаев пен Хромтау қалаларындағы индустриялық аймақ бойынша жұмысты күшейту керектігі айтылды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

Моноқалалардың экономикасын әртараптандыруға көңіл бөлу керек. Бұл олардың экономикасын көтеруге және моноқалалар қатарынан шығуға мүмкіндік береді. Мысалы, Қазір Екібастұз әр түрлі көп салалы қалаға айналуда. Яғни моноқала мәртебесі өзекті емес деп санаймыз.

Екібастұз қаласының дамуына ферроқорытпа зауытының ашылуы оң серпін берген. Жобаны жүзеге асыруға 138 млрд теңге инвестиция құйылған. Кәсіпорында 800 астам адам еңбек етеді. Қалада қазір индустриялды аймақ құрылған.

Аян Бейсекин, Екібастұз қаласының әкімі:

Екібастұз қаласының экономикасын әртараптандыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Нақты айтсақ инвестициялар тарту бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі күннің өзінде 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жалпы соммасы 2 триллионға жуық қаражат тартылып отыр. 9 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылады.

Алдағы жылдары моноқалаларда құны 6,2 трлн теңгені құрайтын 46 жоба жүзеге аспақ. Соның арқасында 15 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Біздің елде өндірістің шамамен 40 пайызы моноқалалардың еншісінде. Бір кездері мұндай шаһарлар 27 болса, қазір 20-ға қысқарды. Ондағы халық саны 1.5 млнға жуықтайды.

Жандос Бақытұлы