Қызылорда облысының диқандарына 1 млрд 280 млн текше метрден астам су берілді.
"Қазсушар" РМК филиалдары Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарының диқандарына 3 миллиард 73 миллион текше метрден астам су берді, деп хабарлайды Су ресурстары және ирригация министрлігі.
Бұл былтырмен салыстырғанда 335 млн текше метрге көп. 2024 жылдың осы кезеңінде 2 млрд 738 млн текше метр су жеткізілген болатын.
"Алматы облысының шаруаларына 50 млн текше метрден астам су берілді, бұл бір жыл бұрынғыдан 6 млн текше метрге артық. Жамбыл облысының диқандарына 135 млн текше метрден астам су берілді, бұл өткен бір жылмен салыстырғанда шамамен 50 млн текше метрге артық. Ал Жетісу облысындағы су пайдаланушыларға 196 млн текше метр суармалы су жіберілді", – деп жазылған хабарламада.
Қызылорда облысының диқандарына 1 млрд 280 млн текше метрден астам су берілді, бұл бір жыл бұрынғыдан 74 млн текше метрге артық. Түркістан облысының шаруа қожалықтарына 1 млрд 412 млн текше метрге жуық су берілді. Бұл былтырмен салыстырғанда 234 млн текше метрге артық.
Оқи отырыңыз: "Су да іше алмай отырмыз". Маңғыстау облысында тұрғындар қара қоңыздың қаптағанына шағымданды
Министрлік мәліметінше, қазіргі уақытта жоғарыда аталған бес облыста 348 мың гектардан астам егістік алқабы суарылды.
"Ведомство мамандарынан құралған төрт жұмыс тобы құрылды. Олар судың заңсыз пайдаланылуын анықтайды, сондай-ақ Қазақстанның оңтүстігінде суды үнемдеу, реттеу және бөлу мәселелері бойынша мониторинг жүргізеді. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу, ылғал сүйгіш дақылдардың көлемін қысқарту және түнгі суару әдісін қолдану бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Каналдар арқылы суды кезекпен жіберу кестелері әзірленіп, іске асырылып жатыр", – деді бірінші вице-министр Нұрлан Алдамжаров.