Израиль әскері кемінде 15 зымыран ұшырылғанын мәлімдеді.
Сәрсенбіге қараған түні Иран Израильге бірнеше зымыран ұшырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Израиль баспасөзі зымырандардың елдің орталығына құлағанын жазды, алайда нақты қай жерлерге түскені әзірге белгісіз. "Маген Давид Адом" жедел жәрдем қызметі жараланғандар туралы ақпарат түспегенін хабарлады.
Израиль қорғаныс күштері Тегеранның 18-округіндегі тұрғындарды эвакуациялауға шақырып, бұл аймақтағы әскери нысандарға соққы беретінін мәлімдеді. Әскерилер әлеуметтік желіде соққы жасалатын аймақтың картасын да жариялады. Бұл округ Тегеранның оңтүстік-батысында орналасқан.
Израильдің мәліметінше, Тегеранға жасалған шабуылдан Иран қарулы күштерінің жоғары лауазымды өкілі қаза тапқан.
Иранның мемлекеттік БАҚ-тары Израильге қарсы жаңа зымырандық шабуыл толқыны басталғанын растады.
Қауіпсіздік жағдайына байланысты Израильде қалған туристер елден шығуға өтініш бере алады. Еуропалық Одақ өз азаматтарын эвакуациялау үшін азаматтық қорғаныс механизмін іске қосты.