Түркістан облысының әкімдігі Келес ауданында қуаңшылық салдарынан төрт түліктің қырылғаны туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты теріске шығарды.

Әлеуметтік желіде кейбір қолданушылар өңірде аптап ыстықтың салдарынан ондаған малдың қырылғанын айтып, жағдайдың ушыққанын таратқан, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Аталған ақпаратты облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі ресми түрде жоққа шығарып, арнайы мәлімдеме жасады.

– Малдың жаппай қырылып жатқаны және жергілікті биліктің көмек көрсетуден бас тартқаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды және жалған. Түркістан облысында қуаңшылық пен шегірткенің шабуылына байланысты малдың қырылу деректері тіркелген жоқ. Бүгінгі таңда жем-шөп базасына қатысты жағдай толық бақылауда. Қуаңшылыққа қатысты мәліметтер де бұрмаланған, – делінген әкімдік таратқан хабарламада.

Сондай-ақ әкімдік тұрғындарды жалған ақпарат таратудан сақ болуға және тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.

– Жергілікті билік өкілдері фермерлермен үнемі байланыста. Әрбір нақты өтініш бойынша жергілікті жерге барып, жағдай зерделенеді, қажеттілік туындаған жағдайда көмек көрсетіледі – баламалы жайылымдар ұсыну, шөпті белгіленген бағамен сататын орындар ұйымдастыру, логистикалық қолдау көрсету және тағы басқа шаралар жүзеге асырылады. Расталмаған ақпарат тарату – өңірдің беделіне нұқсан келтіріп қана қоймай, әлеуметтік тұрақсыздық туындатады. Ақпарат құралдарын тек ресми дереккөздерге және тексерілген мәліметтерге сүйенуге шақырамыз, – делінген ақпаратта.

Әкімдіктің мәліметінше, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен бірлесе отырып, жергілікті атқарушы органдар суару көздерін әртараптандыру және мал азығын алдын ала дайындау бойынша шаралар қабылдаған. Аймақта шегірткеге қарсы күрес те жүйелі түрде жалғасып жатыр. Биыл облыста 700 мың гектардан астам аумақта зиянкестерге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілген.