Екі ел өкілдерінің жексенбіге жоспарланған кезекті кездесуі өтпейтін болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Иран-АҚШ келіссөздеріне делдал болып жүрген Оман Сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаиди жексенбі күні Маскатта өтуі жоспарланған келіссөз өтпейтінін растады.

"Дипломатия мен диалог ұзақ уақытқа созылған бейбітшіліктің жалғыз жолы болып қала береді, — деп атап өтті министр Х желісіндегі жазбасында.

Бұған дейін Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Израильмен әскери қақтығыс жағдайында АҚШ-пен келіссөздерді аяқтау мүмкін емес деп мәлімдеген еді. Ал АҚШ әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілі BBC тілшісі Том Бейтманға Иран-АҚШ жанама келіссөздерінің кезекті раундының тоқтатылуы туралы түсініктеме берген.

"Жексенбі күні кездесу болмайтынына қарамастан біз келіссөздерге берікпіз және ирандықтар жақын арада келіссөз үстеліне оралады деп үміттенеміз", — деді ол.

Көп ұзамай Франция президенті Эмманюэль Макрон Иран президенті Масуд Пезешкианмен телефон арқылы сөйлескені, ирандық тарап Израиль шабуылы тоқтамайынша ядролық келісім жалғаспайтынын айтқаны мәлім болды.