Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Америка Құрама Штаттарына ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Қанат Шарлапаевтың төрағалығымен дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Іс-шараға америкалық трансұлттық корпорациялар, инвестициялық қорлар мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты. Олардың қатарында ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов болды.
Кездесу барысында инвестициялық серіктестіктің басым бағыттары, оның ішінде шикізаттық емес секторларды дамыту, орнықты өсу технологиялары, инфрақұрылым және өндірісті жергіліктендіру мәселелері талқыланды. Қазақстандық тарап АҚШ-ты ел экономикасына 62 млрд АҚШ долларынан астам тікелей инвестиция салған ірі инвестор ретінде атап өтіп, ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің маңыздылығын жеткізді.
Ғ.Оспанқұлов АҚШ бизнесінің Қазақстанға деген қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті: «АҚШ – біздің негізгі стратегиялық серіктесіміз. Бүгінде қазақстандық нарықта ірі америкалық компаниялар табысты жұмыс істеуде, және біз олардың қатарын кеңейтуге мүдделіміз. Біз тек капитал тартуға емес, бірлескен өндірістерді іске қосуға, озық технологияларды енгізуге және жаңа экспорттық тауашаларды дамытуға ұмтыламыз. Бүгінгі кездесу жаңа жобаларға қосымша серпін береді деп сенеміз».
Сондай-ақ сапар аясында АҚШ Сауда палатасының Таяу Шығыс, Түркия және Қазақстан бойынша вице-президенті Дженнифер Милмен кездесу өтті. Тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы іскерлік серіктестіктің ағымдағы жай-күйін және Қазақстандық-америкалық іскерлік кеңес аясындағы өзара іс-қимылды кеңейту жолдарын талқылады. Әсіресе Қазақстанның америкалық бизнес қауымдастығы арасында танымалдылығын арттыру және нақты инвестициялық бастамаларды іске асыру мәселелеріне баса назар аударылды.
Бұдан бөлек, Комитет басшысы «Jones Equity Fund», «Heeney Capital», «Honeywell», «IG Global», «Amazon Kuiper», «Jennmar» және басқа да компаниялармен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Қазақстан тарапы жобаларды толық сүйемелдеуге, соның ішінде әкімшілік қолдау көрсетуге, мемлекеттік қолдау шараларына және жергілікті серіктестерді іздеуге дайын екенін растады.