Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйледі.
Президент жиналған қауымды Медицина қызметкері күнімен құттықтап, осы мерекеге орай дәрігерлермен Ақордада алғаш рет кездесіп отырғанын әрі бұл жиынның мән-мағынасы ерекше екенін атап өтті.
"Халқымыз "Бірінші байлық – денсаулық" деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, ұлт саулығы – еліміз үшін аса маңызды құндылық. Әлемнің "екінші ұстазы" – Әл-Фараби медицинаны өнер деп бағалаған. Расында, дәрігер болу – жүректің ісі. Бұл – екінің бірі аяқ баса бермейтін жүгі ауыр, күрделі жұмыс. Медицина қызметкерлері – ұлт саулығының сақшылары, ең қадірлі мамандық иелері. Әсіресе, жаһандық індет, яғни, ковид кезінде бүкіл ел дәрігерлердің адал қызметіне куә болды. Күрделі кезеңде медицина мамандары мыңдаған адамды құтқарып қалды. Біз абзал жандардың табанды еңбегін бағалаймыз. Олардың қайсарлығын мақтан тұтамыз. "Бір адамның өмірін құтқару барша адамзатты құтқарумен бірдей". Дәрігерлер ота кезінде, аурухана палатасында күн сайын ерлік жасайды десек, артық болмайды. Жедел жәрдем көлігінде адам өміріне араша түсетін сәттер болады. Сондықтан сіздер, құрметті медицина қызметкерлері, бейбіт күннің батырлары деген атқа лайықсыздар. Мен барша медицина мамандарына зор ризашылығымды білдіремін", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ дәрігерлері қай кезде болсын, ел мүддесін бәрінен биік қоя білгенін, ұлт қайраткерлері Халел Досмұхамедов пен Санжар Асфендияровтың белгілі дәрігер болғанын, олар халқымыздың азаттығы үшін де, саулығы үшін де аянбай күрескенін атап өтті.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Медицина деңгейі мен қолжетімділігі – елдегі өмір сапасының негізгі көрсеткіші