Мұндай нәтижеге өнеркәсіп пен құрылыс салаларынан бастап сауда, көлік және байланысқа дейінгі негізгі салалардағы өсім қарқынының жеделдеуі ықпал еткен.
2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 6%-ға өскен. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Өнеркәсіп өндірісі 6,4%-ға артты. Елдің 17 өңірінде өсім байқалды: ең жоғары өсім +22,9% көрсеткішімен кен өндіру, тыңайтқыштар, портландцемент пен қант өндірісінің белсенді дамуының нәтижесінде Жамбыл облысында тіркелді. Түркістан және Жетісу облыстарында өндіріс 14,8%-ға, Алматы қаласында 14,1%-ға өсті. Шымкент қаласында өсім 18,9%-ға жетті, – делінген министрлік таратқан мәліметте.
Ауыл шаруашылығындағы өсім 4,0%-ды құрады (қаңтар-сәуір айларындағы 3,9%-бен салыстырғанда). Ең айқын өсім Атырау облысында (+10,4%), Солтүстік Қазақстан облысында (+7,5%) және Ақмола облысында (+6,5%) тіркелді, бұл негізінен мал мен құс сойымының артуы есебінен болды. Түркістан облысында өсім 6,3%-ды, Абай облысында – 3,6%-ды, ал Қостанай облысында – 4,8%-ды құрады.
Құрылыс саласы қарқынды дамып келеді, 15,4%-ға өсті. Он сегіз өңірде өсім тіркелді, ал Маңғыстау облысында мектептер, тұщытқыш зауыт, мұнай және су құбырларын қайта жаңарту, аудандық аурухана және автожолдарды жөндеу сияқты ауқымды жобалардың арқасында жұмыс көлемі екі есеге артты.
– Қызылорда облысында өсім 64,5%-ды, Қостанайда – 57,8%-ды, Астанада – 51,8%-ды, Түркістан облысында – 46,6%-ды құрады. Тұрғын үй құрылысы да қарқын алып келеді: бес айдың ішінде 6 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл былтырмен салыстырғанда 5,7%-ға көп. Ең белсенді құрылыс Түркістан облысында (+25,5%), Шымкент қаласында (+23,4%) және Алматы облысында (+20,4%) байқалды, – деп қосты министрлік.
Негізгі капиталға салынған инвестиция 18,2%-ға артты. Бұл өсім көлік, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымға, сондай-ақ жабдықтар мен жаңа өнеркәсіптік нысандарға бағытталған қаржы салымдарының есебінен қамтамасыз етілді.
Сауда айналымы 7,8%-ға артты (қаңтар-сәуір айының қорытындысындағы 7,0%-бен салыстырғанда). Ішкі сауда құрылымында көтерме сауданың үлесі шамамен 68%-ды құрайды. Осы жылдың қаңтар-мамыр айларында көтерме сауда 8,3%-ға, бөлшек сауда 6,5%-ға өсті.
Өсім қарқыны бойынша Түркістан облысы (+66,2%), Ақмола облысы (+48,9%) және Шымкент қаласы (+23,1%) алдыңғы қатарда. Байланыс және телекоммуникация саласы 2,8%-ға өсті. Бұл интернет желісі қызметтері есебінен (+13,9%).
Көлік саласы 23,1%-дық өсім көрсетті бұл көбінесе жүк теміржол көлігінің (+17%) және құбыр арқылы тасымалдаудың өсуінебайланысты (+13,8%). Ең жоғары өсім Жетісу облысында (+39,1%), Абай облысында (+17,7%) және Ақтөбе облысында (+11,3%) тіркелді