Түркияның Мерсин провинциясында «Аккую» атом электр станциясы салынып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Ауқымды құрылыс өңір экономикасына серпін берді. Мәселен, құрылыс басталғалы ол 40% өсті. Аймақтағы туризмнің тамырына қан жүгіріп, күрежолдар жаңадан салына бастады. Кәсіпорындар саны көбейіп, мыңдаған жұмыс орны ашылды.
«Аккую» әлемдегі ең үлкен атом электр станциясы болмақ. Аумағы 10 шаршы шақырымнан асады. Қазір құрылыста 50 мыңға жуық адам жұмыс істеп жатыр. Алпауыт құрылыс өңір экономикасына да оң әсер етіп отыр. Мәселен, жоба қолға алынғалы аймақ экономикасы 40% өсті. Қалалар дамып, 20 мыңнан астам үй салынды.
Сергей Буцких, «Аккую Нуклеар» АҚ бас директоры:
- Жоба өңірдің әлеуметтік жағдайына оң әсер етті. Тіпті қалалардың келбеті өзгеріп, ұлғайып келеді. Жаңа кенттер өсіп шықты. Жұмыс орындары ашылып, осындағы кәсіпорындар өндіретін тауар көлемі де ұлғайды.
Құрылыс басталғалы жергілікті кәсіпкерлердің табысы 3-4 есе артты. 1600 жаңа кәсіпорын іске қосылды. Жол инфрақұрылымы дамып жатыр. «Аймақ экономикасы қарқынды түрде өсе береді», – дейді мамандар. Себебі атом электр станциясы кемі жарты ғасыр үздіксіз қызмет етеді.
Нұрлан Жұмағұлов, Energy Monitor қоғамдық қорының директоры:
- Атом электр станциясы 50 жылдан аса жұмыс істейді. Демек жергілікті мамандар кемі 50 жыл жұмыспен қамтылады және ең бастысы құрылыс кезінде жақын маңдағы инфрақұрылым дамиды. Мәселен, қазіргі таңда жаңа әуежай салынды. Туристер саны көбейді. Яғни бір атом электр станциясы Мерсин аймағының өркендеуіне серпін берді.
Станцияда 4 реактор жұмыс істейді. 4800 мегаватт энергия өндіреді. Яғни Түркиядағы энергия сұранысының 10%-ін немесе 15 млн тұрғынның қажетін өтейді. Құрылыс заманауи қауіпсіздік талаптарына сай жүргізіліп жатыр.
Сергей Буцких, «Аккую Нуклеар» АҚ бас директоры:
- Бұл нысан 3+ технологиясы бойынша салынып жатыр. 3+ дегеніміз – Фукусимодағы апаттан кейін жан-жақты сарапталып, жасалған қауіпсіздік деңгейі. Бұл жерде күрделі технологиялық процесс енгізілген. Реактордың сыртқы қорғаныш қабаты болады. Сондай-ақ балқып шыққан қоспаны ұстап қалатын тұтқышы бар. Ол іштегі заттарды сыртқа шығармайды.
Станция ғимараты сыртқы күштерге төзімді. 9 балдық жер сілкінісіне, 10 метрлік цунамиге төтеп береді. Сондай-ақ АЭС-тің қоршаған ортаға зияны жоқ. Түркия билігі атом энергетикасын барынша дамытуды көздеп отыр. Болашақта елде тағы бірнеше станция салынады.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия