Мұндай шешімді Макрон шұғыл түрде қабылдап отыр.
Оған сейсенбі күнгі орта мектептегі мұғалім көмекшісінің өлімі тікелей әсер еткен, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Франция президенті жуырда 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салатынын шегелеп айтты.
Әуелде Макрон бұл мәселеде Еуроодақтан хабар күтіп, сол жаққа "елеңдейтінін" жеткізген. Ал Еуропалық БАҚ Франция мен Испанияның қолдауымен Грекия ЕО-ны жасөспірімдердің интернетте өткізетін уақытын айтарлықтай шектеуге шақыру үшін барынша күш салып жатқанын хабарлайды. Бірақ, нақты емеурін байқалмайды.
Десе де, Франциядағы мұғалім көмекшісінің өлімінен соң сөз сөйлеген Макрон "біз күте алмаймыз" деп France 2 телеарнасына сұхбат берді.
– Мен 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігіне тыйым саламын. Платформаларда жасты тексеру мүмкіндіктері бар, – деген ол.
Президент сонымен қатар, Франция жақын арада порнографиялық сайттарға қарсы қабылданған шаралар секілді онлайн пышақ сататын веб-сайттарда жас мөлшерін тексеруді енгізетінін мәлімдеген.
– 15 жастағы жеткіншек бұдан былай онлайн пышақ сатып ала алмайды. Бұған біз жаппай қаржылық санкциялар мен тыйым енгіземіз, – деп нақтылады Макрон.
Оның пікірін премьер-министр Франсуа Байру да дереу қолдай кетті.