Зардап шеккен қызды анасы жалғыз тәрбиелеген екен.
Петропавлда оқушы қызды қатарластары аяусыз соққыға жығып, ақша бопсалаған, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Қорқып қалған 14 жастағы жеткіншекпен қазір психологтар жұмыс істеп жатыр. Ал озбырлық көрсеткен алты бірдей жасөспірімнің мәселесі арнайы комиссияда қаралмақ.
Әлеуметтік желіге енді ғана таралған оқиға бір жыл бұрын болған екен. Педагогтар да, полиция да әлімжеттік туралы күні кеше білген. Қорғансыз қыздың басынан кезек-кезек төмпештеп, бұл сорақылықты видеоға түсірген оқушылардың әрекеті желіде тарады. Жазбадан алты қыздың қатарластарын бұрышқа тақап қойып, соққыға жыққанын көруге болады. Ол аздай, жәбірленушіге қолма қол ақша беру немесе физикалық зорлықтың бірін таңдауды ұсынған.
Жәбірленуші Ахмет Байтұрсынұлы атындағы нөмірі 9 орта мектебінде биыл сегізінші сыныпты аяқтаған. Мектеп әкімшілігі 14 жастағы жеткіншектің тәртібі жақсы, бірақ үлгерімі орташа болған дейді. Зардап шеккен қызды анасы жалғыз тәрбиелеген екен.
Мектеп басшылығының мәліметінше, оқиға былтыр жазғы демалыста болған. Сол уақытта таяқ жеген қыз спорт мектебінде оқыған екен. Ал тәртіп бұзған қыздар басқа мектептің оқушылар дейді.
"Паник петро" телеграм каналы бойынша сәуір айында қалалық білім бөлімі полицияға шағымданады. Сол каналды жабу үшін. Сол каналды зерделеу барысында осы видео анықталған. Бұл оқиғадан кейін кәмелетке толмағандар жөніндегі комиссия шақырылып, ата-анасының жауапкершілігі де қаралды", – деді СҚО білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова.
Қазір кәмелетке толмаған алты қыз ата-анасымен бірге жауап беріп жатыр.
"Қалада тұратын кәмелеттік жасқа толмаған қызға қатысты қорлау фактілері бойынша жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр. 2024 жылғы 30 тамызда болған оқиғаға қатысты алты қыз анықталды. Олардың ішінде екеуіне қатысты және олардың төрт заңды өкіліне қатысты әкімшілік материалдар жиналды. Сонымен қатар Петропавл қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар және олардың құқығын қорғау комиссиясына ұсыным жіберілді", – деді СҚО полиция департаменті тергеу басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Сағитова.
Сотқар қыздардың мәселесін енді арнайы комиссия мүшелері қарайды. Ал жәбірленушінің анасы бір жыл бұрын жағдайды біле тұра құзырлы органдарға не үшін хабарламағаны әзірге белгісіз.