Шымкент қаласында "Ай Көркем " балабақшасында тәрбиешінің көмекшісі үш жасқа толмаған баланы тепкілеп, бетінен сызғышпен ұрған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

"Таңғы сағат 10:00-де ұлымның жағдайын сұрадым. Тәрбиеші жағдайы жақсы екенін айтты. Алайда дәл сол уақытта баламды ұрып жатқан екен. Ұлымның тоқтаусыз жылағаны сонша, дауысы қарлығып, күші қалмаған. Бейнебақылау камерасы арқылы қарасақ балам еденде жатты. Оның ұйықтап қалғаны немесе есін жоғалтқаны белгісіз. Сағат 16:30-да ұлымды алып кетуге келсем: "анашым, күтуші мені қатты ұрды, мен қатты жыладым" деп айтты", – дейді баланың анасы.

Оның айтуынша, тәрбиеші бастапқыда баланың жай ғана құлағанын, сондықтан оның беті қызарып кеткенін айтқан.

"Келесі күні басшылыққа шағымданып, бейнебақылау камерасына түсірілген видеоларды көрген соң шындықтың беті ашылды. Күтуші баламның бетінен сызғышпен ұрған. Күтуші жақпа майын жағып, соққы ізін жасырмақ болған. Балабақша басшылығы бәрін біле тұра, болған оқиғаны жасырмақ болды", – дейді әйел.

"Ай көркем" балабақшасының меңгерушісі Нұргүл Мамашарипова аталған жағдайды ресми түрде растады. Ол 2025 жылы 4 маусымда балабақшада келеңсіз оқиға орын алғанын хабарлады.

"Мұғалімнің көмекшісі азамат А., ішкі бұйрыққа сәйкес жұмыстан босатылды. Ереже мен талаптарды бұзатын мұндай қызметкерлерге біздің ұжымда орын жоқ”, – деді ол.

Сондай-ақ Мамашарипова балалардың қауіпсіздігі мен білім сапасы мекеменің басты міндеті екенін баса айтты. "Болған оқиғаға қатты өкінемін. Барлық ата-аналарға түсіністікпен қарауды сұраймын. Кешірім сұраймын!", – деді ол.

Қазір аталған іске қатысты қылмыстық іс қозғалыпты. Жақын арада сотқа жолданады екен.