Елорада JOLTAP бағдарламасы бойынша 13 мың адам оқудан өтті. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі .

Қала басшысы өз жазбасында әлеуметтік жобалар жайлы жазды.

Астанада бірқатар әлеуметтік нысан салып жатырмыз. Олар – мектептер, балабақшалар, Оқушылар сарайлары, медицина, спорт, мәдениет және басқа да нысандар. Сондай-ақ, пайдалануға берілген нысандарға қолдау көрсетіліп жатыр. Премьер-министр орынбасары Ермек Көшербаевпен бірге қаладағы бірқатар маңызды әлеуметтік нысанды араладық,-делінген жазбада.

Жеңіс Қасымбектің мәліметінше, осындай жобалардың бірі – JOLTAP, ол елордада 2023 жылдың күзінде бастау алды. Бұл жоба азаматтарға жаңа мамандықтарды тегін меңгеруге, өз ісін ашуға, жұмыс табуға және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес алуға мүмкіндік береді.

Осы кезең ішінде 13 мыңға жуық адам оқудан өтті. Оқыту 11 жұмыс мамандығы бойынша (тігінші, модельер-конструктор, бухгалтерлік есеп негіздері, корпустық жиһаз жасау негіздері, сатушы-кассир, электргазбен дәнекерлеуші, бариста, аяқ киім жөндеу, кілт жасау және т.б.), сол сияқты 7 цифрлық дағды бойынша (SMM, веб-сайт жасау, видеомонтаж, графикалық дизайн, мобилография, базалық цифрлық дағдылар, таргет) жүріп жатыр.

2025 жылы жұмысшы мамандықтар бойынша тағы 5,3 мың адамды, ал цифрлық дағдылар бойынша 2,7 мың адамды оқыту жоспарланған. Сонымен қатар, жұмыс іздеушілерді жұмыс берушілермен және тапсырыс берушілермен байланыстыратын «JUMYSTAP» сервистік платформасы жұмыс істейді. Жобаға қаланың негізгі желілік және ірі жұмыс берушілері жұмылдырылған.

Айта кетейік, «JOLTAP» жобасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында жүзеге асырылып жатыр және жұмыспен қамту саласындағы қолданыстағы шараларды толықтырады. Сондай-ақ, «Асыл Мирас» аутизмі бар балаларды қолдау орталығына бардық. Бұл орталық әкімдіктің қолдауымен 2023 жылдың сәуірінде ашылды. Орталықта балалармен жұмыс істеуге арналған 13 кабинет жабдықталған, ата-аналар үшін 3 күту аймағы қарастырылған. Қазіргі уақытта орталықта 20 педагог 6 интервенциялық бағдарлама бойынша тегін қызмет көрсетеді. Бұл бағдарламалар балалардың әлеуметтік, оқу, тұрмыстық және сөйлеу дағдыларын дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, 0-3 жас аралығындағы балаларға арналған ерте қолдау курсы да бар.

Бүгінде қалада 4 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 2 оңалту орталығы, 2 аутизмі бар балаларды қолдау орталығы және т.б. бар. Бұған қоса, білім беру ұйымдарының 95%-ында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытуға жағдай жасалған. "Жансая" әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ 2022 жылдың басында балалар блогын бөліп шығару арқылы жаңа орталық ретінде құрылды. Орталықтың бағыты – үй жағдайында арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету және жартылай стационар жағдайында оңалту қызметтерін ұсыну. Өз тарапымыздан мұндай орталықтардың желісін қолдауды және кеңейтуді жалғастырамыз,-деп толықтырды Астана әкімі.