Екі ел энергетика, фармацевтика және жоғары технологиялар саласында инвестициялық ынтымақтастыққа жол ашты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Үндістанға ресми сапармен барған Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу жетекші үнді компанияларының өкілдері – "Tata Sons Private Limited" компаниясының бизнесті дамыту және корпоративтік байланыстар жөніндегі президенті Сучарита Чоудари, "MSN Group" фармацевтикалық корпорациясының атқарушы директоры Нихил Редди, "Vishwa Samudra Group" инфрақұрылымдық холдингінің директорлар кеңесінің төрағасы Сасидхар Чинта мен "Greenko Group" энергетикалық компаниясының басшылығымен кездесулер өткізген.

С.Чоударимен кездесу барысында министр энергетика, автокөлік өндірісі, финтех, металлургия және ақпараттық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықтың әлеуетін атап өтті. Қазақстан тарапы шетелдік инвесторларға ұсынылатын салықтық және кедендік жеңілдіктерді, инфрақұрылымдық қолдауды қамтитын преференциялар пакетімен таныстырды.

"Автокомпоненттерді жергіліктендіру, металлургияны дамыту, экологиялық көлік пен "Astana Hub" және "Digital Almaty" алаңдары арқылы цифрландыру мәселелері талқыланды. "Tata Group" энергетика (оның ішінде жаңартылатын энергия көздері), сирек жер металдарын өндіру, туризм, болат және тамақ өнеркәсібі, сондай-ақ автокөлік құрастыру салаларындағы жобаларға қызығушылық білдірді. "Tata Power" компаниясына жаңартылатын энергия жобаларын дамытуға қатысу ұсынылды", — делінген хабарламада.

Н.Реддимен өткен келіссөздерде Алматы облысында "Медсервис Плюс" компаниясымен бірлесіп фармацевтикалық зауыт салу мәселесі талқыланды, аталған жобаның инвестиция көлемі шамамен 60 млн АҚШ долларын құрайды. Қазақстан СІМ басшысы алдағы жылдары дәрілік заттарды 50% деңгейінде жергіліктендірудің маңыздылығына назар аударды. Қолдау шаралары аясында ұзақмерзімді келісімшарттар, 2024 жылғы шілдеден бастап міндетті таңбалау, сондай-ақ 300 мың долларынан жоғары инвестиция құйған инвесторларға арналған 10 жылға дейінгі "алтын виза" мүмкіндігі қарастырылды. Сонымен қатар технология трансфері мен Қазақстанда толық өндірістік цикл құру мәселелері қаралды.

"Vishwa Samudra Group" компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы С.Чинтамен өткен кездесуде Ақтау халықаралық теңіз портын жаңғырту және кеңейту бойынша жобаларға аталған компанияның қатысу мүмкіндігі, сондай-ақ Орта дәлізді дамыту аясындағы ынтымақтастық талқыланды. Министр технологиялық тұрғыдан сенімді әрі жоғары білікті серіктестермен өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтіп, көлік, порт және цифрлық инфрақұрылым салаларындағы жобаларға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

"Greenko Group" компаниясының басшылығымен өткен сұхбат жаңартылатын энергия көздері, күн және жел генерациясы, сондай-ақ жасыл сутегі өндіру салаларындағы ынтымақтастыққа арналды. Тараптар Қазақстанның табиғи ресурстары мен Үндістанның технологияларын біріктіру арқылы энергетикалық ауысымды жеделдетуге өзара қызығушылық білдірді. Компания технология трансферіне, бірлескен кәсіпорындар құруға және Қазақстандағы өз қызметін кеңейтуге дайын екенін растады.

Кездесулердің қорытындысы бойынша Қазақстанда өзара тиімді жобаларды іске асыруға мүдделі үнді компанияларына жан-жақты қолдау көрсету және нақты инвестициялық бастамаларды пысықтау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.