Әлемдік бокстың жарқын жұлдызы, украиналық Василий Ломаченко бүгін, 5 маусым кәсіпқой мансабын ресми түрде аяқтағанын жариялады.
37 жастағы спортшы өз жанкүйерлеріне бейнеүндеу жасап, бұл шешімді саналы түрде қабылдағанын мәлімдеді.
Ломаченконың соңғы жекпе-жегі 2024 жылдың 12 мамырында Аустралияның Перт қаласында өткен болатын. Онда Ломаченко жергілікті боксшы Джордж Камбососты 11-раундта техникалық нокаутпен жеңіп, жеңіл салмақтағы IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын иеленді.
Украиналық боксшының әуесқой бокстағы жетістіктері таңдай қақтырарлық. Екі дүркін Олимпиада чемпионы (2008, 2012), екі мәрте әлем чемпионы (2009, 2011). 397 жекпе-жектің 396-сында жеңіске жеткен. Жалғыз жеңілісі 2007 жылы ресейлік Альберт Селимовке қарсы кездесуде тіркелді.
Кәсіпқой рингтегі мансабы да биік белестерге толы. Үш түрлі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды (жартылай жеңіл, екінші жартылай жеңіл, жеңіл). 21 жекпе-жек өткізіп, 18-інде жеңіске жеткен (оның 12-сі – нокаутпен). Бір кездері The Ring пен ESPN рейтингтері бойынша салмақ дәрежесіне қарамастан әлемнің үздік боксшысы деп танылды. Ал, HBO арнасы оны “Жыл боксшысы” атағымен марапаттаған.
Ломаченконың мансабын аяқтау туралы мәлімдемесі спорт әлеміне үлкен жаңалық болды. Ол ата-анасына, командасына, жанкүйерлеріне алғыс айтып, АҚШ-қа ризашылығын білдірді. Алайда, туған елі Украина жайлы бір ауыз сөз айтпауы да көпшілік талқысына түсті.
Аңыз рингтен кетсе де, есімі тарихта қалады. Василий Ломаченко нағыз спорт шебері, еңбек пен ерік-жігердің үлгісі.