Оңтүстік Кореяда кезектен тыс президент сайлауында дауыс беру аяқталды. Халық жоғары белсенділік танытқан. Экзит-пол нәтижесіне сай оппозициялық кандидат басым дауыс жинаған. Ал ресми нәтиже ертең белгілі болады. Корея Республикасында өткен президент сайлауы жайында халықаралық шолушы Арай Төлегенқызы толығырақ баяндайды.
Оңтүстік Кореяның жергілікті телеарналарының бірлескен экзит-полына сай, демократиялық партия жетекшісі Ли Чжэ Мён алда келеді. Саясаткер 51,7 пайыз дауыс жинаған. Ал оның басты бәсекелесі консерваторлар өкілі Ким Мун Суға сайлаушылардың 39,3 пайызы дауыс берді. Олармен бірге президенттікке тағы 3 адам үміткер болды.
Ким Кван-Ма, Сеул тұрғыны:
Экономика нашарлап кетті. Оны тек мен емес, бәрі айтып жүр. Экономика жақсарады деп үміттенемін. Қоғамда поляризация деңгейі күшейген. Еліміздің өркендеуі үшін бәріміз бірігеміз деп ойлаймын.
Оңтүстік Корея ұлттық сайлау комиссиясының мәліметінше, президент сайлауында дауыс берушілердің 71 пайыздан астамы қатысқан. Елдің «Ренхап» агенттігі мұны тарихтағы ең ірі көрсеткіш деп атап отыр.
Кан Да Ён, Сеул тұрғыны:
Қазір жүктімін. Дауыс беруге келген себебім — осы арқылы жақсы президенттің сайлануына үлес қосқым келді. Сәбиім өмір сүретін қоғамды қауіпсіз және әділ етіп құра алатын басшы керек.
Оңтүстік Кореяда кезектен тыс сайлау экс-президентке импичмент жарияланғаннан кейін өтіп отыр. Юн Сок Ёл былтыр желтоқсанда елде әскери жағдай жарияламақ болғаны үшін биліктен аластатылды. Содан кейін үкімет маусымның 3-ін президент сайлауы өтетін күн деп белгіледі.
Ким Кван Джи, Сеул тұрғыны:
Корея Республикасының азаматы ретінде халық сайлаған президентке импичмент жариялануын көру өте өкінішті. Жаңа сайлау өткізген де жақсы емес. Дегенмен осындай келеңсіздіктерден кейін де елімізді дамытуға және сайлау арқылы жаңа Корея Республикасын құруға мүмкіндік бар деп үміттенемін.
Сайлау бір турмен шектеледі. Онда басым дауыс жинаған саясаткер бірден президент атанып, Оңтүстік Кореяның атқарушы үкіметін басқарады. Ресми нәтиже ертең жария етілмек. Жаңа лидерді әскери режим орнату әрекетін ауыр қабылдаған қоғамды біріктіру, АҚШ-тың болжауға болмайтын протекционистік қадамдарынан зардап шеккен экономикасын реттеу міндеті күтіп тұр.
Арай Төлегенқызы