Бұдан бұлай малдың терісі мен жүні далада жатпайды. Араға 9 жыл салып, экспорттық баж салығы алынып тасталды. Енді мұндай өнімдерді шетелге еш қиындықсыз сатуға болады. Өзгерісті шаруалар қалай қабылдады? Бұл шешім отандық нарықты өзгерте ала ма?

Жыл сайын шаруалар тонна-тонна жүнді өртейді, теріні көмеді. Шаруа Нұрлан Марқабаев бір жылда 8 мыңдай қой сояды. Өткізетін жер таппайды. Себеп – нарықта сұраныс жоқ. Бұл – экологиялық, һәм экономикалық шығын дейді.

Нұрлан Марқабаев, шаруа:

Қазір 1 қойдың өзін 400-500 теңгеге төлеп қырықтырамыз. Содан кейін малды ұстаудың қиыншылығына адам күші жетіспейді. Субсидия теріні жинап алатын мүмкіндік берсе, жер тазарады. Екіншіден, экономикалық көмегі көп болады. Содан кейін шашылып жатпайды.

Мәселе – тек салықта емес. Сапа төмен. Вакцина салдынбайды, малды дұрыс соймайды. Семей тері зауыты директорының айтуынша, бұл тері мен жүннің бағасын арзандатуға негіз болады.

Нұрбол Жанбай, Семей тері зауытының директоры:

Бірінші кезекте теріні союды, вакцинация жасауды қадағалау керек. Сосын оны арнайы орындарда қасап немесе ет комбинаттарында сою керек.

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров бұл жағдайды нарықтың баяу дамуымен байланыстырады. Айтуынша, баж салығы қосылғалы тері мен жүннің тек алты-ақ пайызы өңделген.

Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бажды шешкеніміздің себебі экспорттайтын үлкен мекемелер келеді. Олар талап қояды. Сол талаптардың арқасында біздің шаруалар соған бейімделеді. Оның қалыптасуына да бірнеше ай қажет.

Қазір елімізде 9 тері өңдейтін және 7 жүн өңдейтін кәсіпорын бар. Бірақ олардың көбі толық қуатпен жұмыс істемейді. Енді Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидия мен жеңіл несие арқылы зауыттарды қолдамақ.

Шаймерден Ахметов, ҚР АШМ Аграрлық нарықтар және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары:

Теріні өңдейтін, жүнді өңдейтін кәсіпорындар болуы мүмкін, яғни сол зауыттарды жаңадан құру үшін немесе модернизация жасау үшін 2,5, қазір 3,5 пайыздан 10 жылдық несие алуға мүмкіндік бар. Айналым қаражатты толықтыру үшін де бағдарлама қарастырылған. Онда 5%-дан беріліп жатады.

Бұған дейін өңделмеген тері үшін экспорттық баж салығы – тоннасына 200 еуро болса, жүн тоннасына кемінде 50 еуро төлейтін. Енді алдағы 3 жыл шикізатты шетелге еш кедергісіз сата алады. Бастысы – сапа болуы керек. Нарыққа бейімделсе, жүн мен тері қоқыс емес, табыс көзіне айналуы мүмкін.

Асылбек Данияр