Жамбыл облысы Қордай аудандық соты Сортөбе ауылының 30 жастағы тұрғыны Ибрагим Бисировқа үкім шығарды. Ол жұбайына денсаулыққа орташа ауырлықтағы қасақана зиян келтіргені үшін айыпталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Время сайтына сілтеме жасап.

Сот мәліметінше, өткен жылдың 13 мамырында таңертең ерлі-зайыптылар арасында жанжал шыққан. Жанжалға әйелдің ер адамның рұқсатынсыз шашын басқа түске бояуы себеп болған. Ашуға мінген күйеуі әйелін күштеп жатын бөлмеге апарып, бірнеше рет жұдырықпен бет тұсынан ұрған. Әйел қорғануға тырысқанда, соққылардың бірі шынтағына тиіп, салдарынан сүйек сынған.

Жәбірленуші үйден кетуге әрекеттенгенімен, күйеуі оны көлікке күштеп отырғызып, айдалаға апарып, екі сағаттай сол жерде ұстаған. Әйелдің айтуынша, күйеуі оны ауруханаға апарудан бас тартқан. Онымен қоймай пайдакүнемдік мақсатта жала жауып отыр деп айыптап, аузына ақша тығуға тырысқан.

Соңында әйел аудандық ауруханаға жеткенімен, ол жерде оған көмек көрсетілмеген. Себебі ауылдық амбулаториядан жолдама талап еткен. Кейінірек жәбірленуші Қырғызстандағы Токмок қаласыдағы ауруханадан көмек алып, шынтақ сүйегінің жабық сынғаны анықталған.

Айыпталушы кінәсін мойындамағанымен, сот оның уәждерін негізсіз деп таныды. Сот оны Қылмыстық кодекстің 107-бабы 1-бөлігі (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру) бойынша кінәлі деп тауып, бұрын сотталмағанын және жағымды мінездемесін ескеріп, 500 АЕК (1 846 000 теңге) көлемінде айыппұл салды.

Сонымен қатар жәбірленушінің пайдасына 1 миллион теңге моральдық зиянның және 300 мың теңге өкілдің қызметіне кеткен шығынның өтемақысы өндірілді.

Үкім заңды күшіне енді.