Елордада автокөлік салонынан ұрлық жасаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Астана қаласында автокөлік салонынан мүлік ұрлаған күдікті жедел іздестіру шаралары нәтижесінде қолға түсті. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады. 30 жастағы қала тұрғыны таңертең көлігіне оралғанда салонына біреудің заңсыз кіргенін байқап, дереу полицияға жүгінген. Қылмыс түнгі уақытта жасалып, оқиға орнында куәгерлер болмаған. Соған қарамастан, Алматы ауданының криминалдық полиция қызметкерлері жедел іс-қимыл танытып, күдіктіні қысқа мерзімде анықтады. Ол — 22 жастағы қала тұрғыны болып шықты.

Тергеу барысында анықталғандай, Mercedes автокөлігі көпқабатты үйдің ауласында тұрған. Күдікті түнде бірнеше көліктің есігін тексеріп, құлыпталмаған көлікті тауып, ішіне кіріп, салонынан кілт жасауға арналған арнайы құрылғыны жасырын алып кеткен. Келтірілген материалдық шығын көлемі шамамен 300 мың теңгені құрады. Қазіргі таңда аталған факті бойынша ҚР ҚК сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Айғақты зат тәркіленіп, іске тіркелді. Күдікті өз кінәсін толық мойындады.

Оқи отырыңыздар:

  • Шаш кептіргіш жаңа туған сәбиді өлтірді
  • Ақтөбеде дәрігер жоғалып кетті

Полиция департаменті қала тұрғындарына жеке мүліктің сақталуына мұқият болуды, автокөліктерін құлыптап, бағалы заттарды салонда қалдырмауды ескертеді. Қырағылық — қауіпсіздіктің басты кепілі.