Қазақ әдебиеті мен руханиятында айрықша із қалдырған тұлға.


Бүгін ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, қоғам қайраткері әрі дипломат Олжас Сүлейменов туғанына 90 жыл толып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Олжас Сүлейменовтің есімі қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тарихында ерекше орын алады. Оның шығармашылығы ұлттық әдебиеттің дамуына ықпал етіп қана қоймай, қоғамдық ой мен рухани құндылықтардың қалыптасуына да үлкен әсер етті.

Қаламгердің "Аз и Я" еңбегі ұлттық тарих, тіл және мәдени мұра мәселелерін жаңаша зерделеген маңызды туындылардың бірі ретінде бағаланады. Бұл шығарма қазақ әдебиетінің халықаралық деңгейде танылуына да ықпал етті.

Олжас Сүлейменов қоғамдық қызметімен де кеңінен танылды. Ол халықаралық "Невада – Семей" антиядролық қозғалысын құру бастамасын көтеріп, ядролық сынақтарға қарсы күрестің символына айналған тұлғалардың бірі болды.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, мерейтой аясында жыл соңына дейін "Олжас Сүлейменов. 90 жыл" және "Аз и Я" фотоальбомдарын шығару жоспарланып отыр. Кейін олар еліміздің көпшілік кітапханаларына таратылады.