Түркия басшысы мұндай пікірді өз төрағалығымен өткен үкімет отырысының қорытындысында айтты.
Режеп Тайип Ердоғанның сөзінше, ЕО-ның Түркияға мұқтаждығы артып барады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Бүгінде Еуропаның Түркияға деген қажеттілігі Түркияның Еуропаға деген қажеттілігінен жоғары. Ертең бұл қажеттілік одан да арта түседі, – деді Ердоған.
Ол мұны Анкараның Еуроодаққа қосылу үдерісінің тым ұзаққа созылып кетуіне байланысты айтып отыр.
Соңғы уақытта саясаткер Түркияның Еуропадағы орны туралы жиі пікір таластырып жүр.
– Біз бұл мәселеге айқындық енгізуге мәжбүрміз. Бүгін мәселе – Анкараның қайда тұрғанында емес, Брюссельдің болашақ әлемде өзін қай жерде көргісі келетінінде. Түркия толыққанды мүше емес Еуроодақтың жаһандық ойыншыға әрі тартымды орталыққа айналмайтыны қазірдің өзінде белгілі болуы тиіс, – деді ол.
Сондай-ақ, Ердоған Еуроодақтың Түркияға қатысты стратегиялық тұрғыдан көрегендік танытпай отырғанына налиды.
– Десе де, Брюссель Түркияның бұрынғы ел емес екенін, ал әлем енді тек Батыс ықпал аймағымен шектелмейтінін ұмытпауы керек, – деп түйіндеді Түркия президенті.
Жаза кеткен жөн, Түркия Еуропалық одақ құрамына толыққанды мүше болуға 2005 жылдан бері ұмтылып келеді. Келіссөздердегі негізгі түйткілдердің бірі – Кипр мәселесі.
Осыған дейін Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фидан ЕО-ға мүшелік елдің стратегиялық мақсаты екенін айтқан. Сонымен қатар, Анкара өз мүшелігін Кипр мәселесін реттеумен байланыстыруға қарсы екенін мәлімдеген.