Қазақстанда 2026 жылы қызылша ауруының қайта өсуі тіркеліп отыр. Жыл басынан бері 5 мыңнан астам жағдай анықталған. Осыған байланысты денсаулық сақтау жүйесінде инфекцияның таралуын тежеуге және халықты қорғауға бағытталған профилактикалық әрі эпидемияға қарсы шаралар күшейтілді, деп хабарлайды Egemen.kz.


Қызылша – ауа-тамшылы жолмен өте жылдам таралатын жұқпалы вирустық аурулардың бірі. Тиімді вакцина бар болғанына қарамастан, инфекция әлемде де, ел ішінде де әлі толық жойылған жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сәйкес, 2025 жылы әлемде шамамен 247 мың қызылша жағдайы тіркелген.

Вакцинация деңгейінің төмендеуі – негізгі қауіп факторы

Эпидемиологтар аурудың көбеюін бірнеше себеппен байланыстырады. Олардың қатарында вакцинацияның төмендеуі, екпеден бас тарту жағдайларының артуы, халық көші-қоны және COVID-19 пандемиясы кезеңінде жоспарлы екпелердің кешігуі бар.

Қазақстанда 2025 жылы аурушаңдық айтарлықтай төмендегенімен (шамамен 7 есе), жыл соңына қарай қайта өсім байқалған. Бұл ұжымдық иммунитеттің тұрақты деңгейін сақтаудың маңызын көрсетеді.

Елімізде қызылша жұқтыру көрсеткіші 30%-ға төмендеді

Балалар – ең осал топ

Қызылша жұқтырғандардың басым бөлігі – балалар. Науқастардың шамамен 83%-ы 14 жасқа дейінгі балалар болса, олардың 70%-дан астамы – 5 жасқа дейінгі сәбилер.

Сонымен қатар, ауырғандардың 76,3%-ы вакцина алмағандар. Олардың елеулі бөлігі – ата-анасының екпеден бас тартуына байланысты егілмеген балалар.

Эпидемиологиялық ахуал әсіресе Астана және Алматы қалаларында, сондай-ақ бірнеше өңірлерде күрделі күйінде қалып отыр.

Вакцинация шаралары күшейтілді

Ахуалды тұрақтандыру мақсатында елімізде кешенді профилактикалық шаралар жүзеге асырылып жатыр:

  • балаларға жоспарлы иммундау жүргізу;
  • 6-11 айлық сәбилерге қосымша вакцинация;
  • 2-5 жастағы балаларға қамтушы екпе;
  • 7-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге жетпеген иммундау;
  • екпе мәртебесі расталмаған 30 жасқа дейінгі медицина қызметкерлерін вакцинациялау.

Бұл шаралар ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға және инфекцияның таралу тізбегін үзуге бағытталған.

Қызылша – алдын алуға болатын ауру

Мамандардың айтуынша, қызылша асқынған жағдайда пневмония, ортаңғы құлақтың қабынуы, тіпті энцефалит сияқты ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Дегенмен, ауру толықтай алдын алуға болатын инфекция болып саналады.

Қазіргі жағдай қызылшаны бақылауда ұстау тікелей вакцинация деңгейіне байланысты екенін көрсетеді. Профилактикалық шараларды күшейту және екпеге жауапкершілікпен қарау инфекцияның таралуын тиімді тежеуге мүмкіндік береді.

Балаларды қызылшадан қалай қорғау керек? Дәрігер кеңесіне назар аударыңыз

2026 жылдың I тоқсанының мониторинг деректеріне сәйкес, қызылшаға қарсы ККП вакцинасымен 1 жастағы 170 034 бала (19,5%) және 6 жастағы 90 904 бала (16,8%) егілген.