Сұлусор көлінде суға бауырын төсеген аналық аққу аяғына мұз қатып, қайта тұра алмаған.
Сосын аталық аққу да сыңарын қимай, сол маңды шиырлап жүрген.
Кәрі құда қыстың әлегі жылы ортаға үйренген адам тұрмақ, далаға бейім құсқа да жайсыз болып тұр.
Баянауылда қыстап қалған аққуларды қақаған аязда жергілікті тұрғындар құтқарды. Қазір қос мұңлықтың жағдайы тәуір. Жергілікті тұрғын Бауыржан Жақыпов бағып-қағып отыр.
Әбден әлсіреп, шаршаған аққу құтқарушысын сұлу мойынымен құшақтап барады. Мұз құрсауында қалған сыңары да құтқарылды. Бұл соңғы уақытта ең көп талқыға түскен әсерлі бейнекөрініс.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Аққулардың жылы жаққа ұшпай қыстап қалуы жиілеп кетті. Мамандар бұл құбылысқа климаттың өзгеруі де себеп болатынын айтады. Қарашаның ортасында Усолка өзенінде жүзіп жүрген бір топ аққуды көрсеткенбіз. Ал бұл жолғы оқиға ерекше өрбіді. Қанатына мұз қатқан аналық аққуды сыңары тастап кете алмай төңіректеп жүрген. Көмек дер кезінде жетті. Бауыржан Жақыпов әкесімен бірге жалғыз аққуға тап болған. Көп ұзамай оның сыңарын да тауып алды.
- Тойып алыңдар енді күн суық, көктемге дейін сендердің амандықтарыңды тілеймін.
Қос аққудың өміріне қауіп жоқ. Бауыржан оларды жылы жерге жайғастырып, қамқорлығына алды. Аталығы әлденіп, бойын тіктеп алған. Аналық аққудың аяғын аздап үсік шалғаны болмаса басқа жарақаты жоқ.
Бауыржан Жақыпов, Баянауыл ауданының тұрғыны:
- Сұлусор деген көлден тауып алдық. Енді ең бірінші әкем көрді. Тоқташы барып қарайын, мүмкін мұзға жабысып қалған шығар деп. Жақындай беріп едім ол орнынан тұрып, әрі қаша бастады. Сосын ойлағамын ұшып кететін шығар деп. Қалтамнан ұялы телефонымды алып, видеоға түсірейін дегем. Ол ұша алмады, әлсіз екен.
Қос аққуды құтқарып, танымал болған Бауыржан Жақыпов мұны ерлік деп санамайды. Құстарды ол облыс орталығына апарып, орнитолог мамандарға көрсетті. Питомникке тапсыруға шешім қабылдапты. Тек көктем шыға айдынына апарып, табиғи ортасына өз қолыммен ұшырсам дейді.
Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков