Ресей БАҚ-тарында Новосібір облысының елімізбен шектесетін жерінде жүздеген еліктің қырылғаны туралы ақпарат тарады. Түз тағылары көлдерде қатқан жалтыр мұздан тайғанақтап, бері өте алмай тұрып қалған.


Ақпаратта жабайы жануарлар Қарасуық ауданындағы көлдерде қатқан жалтыр мұздан өте алмай, топ-тобымен қырылып қалғаны айтылады. Жергілікті табиғат қорғау ведомствосы мұзды көлдердің бірінде жану­ар­ларды құтқару жөніндегі «күрделі және ауқымды операцияны» инспекторлар аңшылармен бірлесіп жүргізді деп мәлімдеген. Әйтсе де олар жүздеген жануар қырылып қалды деген ақпарат дұрыс емес дейді. Ал қарасулық тұрғындар инспекторлар еліктерді құтқарғанымен, жағаға лақтырып тастап жатқандарына қынжылыс танытып отыр. Шын мәнінде жануарлардың бойын жылытып, сосын босату керек екенін алға тартады.

Новосібір облысының Қарасуық ауда­ны Павлодар облысының Тереңкөл, Успен аудандарымен шекаралас. Қос мемлекеттің бұл аумақтағы шекарасында Қарасуық, Шаған көлдері орналасқан. Ресейдің ішкі жағынан ауа бастаған түз тағылары аталған су айдындарын басып өтуі ықтимал.

Павлодар облыстық орман шаруашы­лығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының өкілдері шекаралық аймақтарда еліктердің қырылуы туралы ақпарат түспегенін хабарлады.

«Қазіргі уақытта сібір еліктерінде күйекке түсу мезгілі басталды. Жабайы жануарлар шағылысуға қолайлы жер іздеп, миграция жасайды. Еліктердің шоғырланып, топ-тобымен көшіп-қонуы туралы мәліметтер бар. Тек Павлодар облысында ғана емес, Қарағанды өңірінде еліктердің шоғырлануы тіркелгенін әріптестеріміз айтып отыр. Бұл – уақытша құбылыс. Бірақ жануарлардың өлуі туралы ақпарат жоқ. Қазір біз жергілікті орман шаруашылықтарынан еліктердің қозғалысы мен тұрып қалуына қатысты мәліметтер жинап жатырмыз. Оның нәтижесі екі-үш күнде белгілі болады», дейді өңірлік орман шаруашылығы және жануар­лар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Исатай Абдразахов.

Қар қалың түскен жылдары еліктер елді мекендерді, соның ішінде Павлодар қаласын жиі жағалап, азық іздейді. Ертіс өзенінің жайылмасындағы табиғи қаумал­да аңшылық жасауға тыйым салын­ған. Мамандардың айтуынша, еліктер көбіне өзен бойындағы тоғайлар арасын мекендейді. Ашық алаңқайларда, ойпаң жерлерде қар қалың түссе, тебіндеуіне кедергі келтіруі мүмкін. 2023, 2024 жылдары жануарлардың адамдардан қорықпай, қала көшелерін кезіп кететіні жиі тіркелген.

Еліктің саны да жыл өткен сайын өсіп келеді. 2023 жылдың күзінде олардың саны 4200-дей болса, ресми мәліметтерге сәйкес, қазір Павлодар облысының аумағында шамамен 4800-дей елік бар. Аңшылыққа тыйым салынғаны себепті, еліктер, өзге де түз тағылары еркінсіп, ауыл-қалаларға жиі келгіштейді.

Павлодар облысы