Қасым-Жомарт Тоқаев шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын жедел қабылдауды тапсырды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Алтын сапа" және "Парыз" сыйлығының лауреаттарын, "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөз сөйледі.
"Құжатта өңірлердің ерекшелігі мен кәсіпкерлерді нақты қолдау тетіктері қарастырылуға тиіс. Жергілікті өнімге, білім мен заманауи технологияға басымдық беру айтарлықтай нәтиже әкелетінін тәжірибе көрсетті. Мысал ретінде Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JICA) және "Атамекен" ұлттық палатасының қолдауымен жүзеге асқан "Бір ауыл – бір өнім" жобасын келтіруге болады", — деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, ауыл-аймақтардан осындай ақылға қонымды өтініштер мен ұсыныстар жиі түседі.
"Мәселен, қой мен ірі қара терісін өңдейтін кәсіпорын ашу туралы бастаманы айтуға болады. Неге екенін қайдам, қанша жыл өтсе де, осы шаруаны Үкімет те, бизнес те қолға алмаған. Әйтсе де шағын және орта бизнес бұл кәсіппен айналысуға ниетті. Үкімет ортақ жауапкершілік қағидатына сай мемлекет пен бизнестің тиімді қарым-қатынас жасауына жан-жақты ықпал етуі керек. Бұл ауылдар мен шағын қалалардың дамуына тың серпін береді", — деді Тоқаев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!