Мемлекет басшысы Еуропалық Кеңес президентін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Салтанатты рәсімде Қасым-Жомарт Тоқаев Антониу Коштаның Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы серіктестікті нығайтуға қомақты үлес қосқанын атап өтті.
«Биыл Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімнің қабылданғанына 10 жыл толды. Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы қарым-қатынастың өзегіне айналған бұл маңызды құжат сындарлы әрі болашаққа бағдарланған байланысты бекіте түседі, — деді Мемлекет басшысы.
Еуропалық Кеңес Президенті бұл марапатты берік достық пен сан қырлы ынтымақтастықтың символы ретінде қабылдайтынын жеткізді.
«Мұны сенім мен диалогты нығайтудың, тұрақтылықты, өркендеуді және ашықтықты қамтамасыз етуге ортақ ұмтылысымыздың көрінісі деп бағалаймын», — деді Антониу Кошта.