Астанада Қазақстан мен Ресей арасындағы тарихи және мәдени байланыстың тағы бір белгісі ретінде Мәңгілік достық аллеясы ашылды. Салтанатты шараға Ресей тарапынан арнайы делегация келген. Бұл күні театр өнері, музей ісі, кітапхана саласы, кинематография және мәдени білім беру бағыттарындағы бірлескен жобаларды дамыту барысы талқыланды.

«Мәдени диалог: Қазақстан – Ресей». Осындай атаумен жиын өтті. Оған екі елдің министрлері бастаған делегациялар қатысты. Татулықты ту еткен тараптар ынтымаққа ырық беретін жаңа жобаларды талқылады.

Кристина Трубинова, Бахрушин атындағы театр-музейінің бас директоры:

Бахрушин музейінің коллекциясында қазақ театр өнерінің тарихына арналған 5000-нан астам құнды жәдігер бар. Бұл бағыттағы ортақ жұмысты одан әрі жандандырып жатырмыз. Бүгін екі ел арасындағы мәдени байланыстық одан әрі дамуына серпін берер жаңа жобаларды талқылап, келелі кеңес өткізіп жатырмыз.

Екі елдің мәңгілік достығын әспеттейтін аллея ашылды. Жиынға қатысушылар Қазақстан мен ресей арасындағы сан сала бойынша байланыстың одан әрні дамып жатқанын айтты.

Эльза Антонова, «Роскино» АҚ бас директоры:

Ресейде тамыз айында қазақ киносының күндерін өткізу жоспарланып отыр. Бұған дейінгі қазақ туындылары кең аудиорияны қамтып, көрермен тарапынан зор қызығушылық бар екенін көрсетті. Бүгінде қазақ кинематографиясы жаңа қарқынды дамып, биік белестерді бағындырып жатыр.

Бұдан бөлек, «Астана Опера» театрында екі елдің мәдениет қайраткерлері, халықаралық байқаулардың лауреаттары және академиялық өнер жұлдыздары өнер көрсетті.

Азамат Бейбітұлы