Қазақстанда "күдікті қызмет" түсінігі заңдастырылады, деп хабарлайды мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Мәжіліс депутаттары қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Құжат аясында 6 кодекс пен 14 заңға түзетулер енгізіледі.

"Заң жобасында "күдікті қызмет" түсінігі қамтылған. Ол трансферттердің жиілігімен, көлемімен және бағытымен анықталады. Мысалы, күн сайын бір есепшотқа бірдей сома аударылады. Мұндай мәмілелер тексеріледі және олар бойынша одан әрі жұмысты Қаржылық мониторинг агенттігі жүргізеді.

Бұл ретте қаржылық мониторинг субъектілері уәкілетті органға күдікті қызмет туралы хабарлар жіберуге міндетті", — делінген мәжілістің баспасөз хабарламасында.

Сонымен қатар түзетулер сәйкес "мінсіз іскерлік бедел" түсінігі күшейтіледі.

"Яғни, бұрын әрекеттері қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға ықпал еткен жеке тұлғалармен байланысы бар кандидаттар енді қаржы ұйымының басшысы лауазымына үміткер бола алмайды", — деп түсіндірді мәжіліс өкілдері.