Мамлют ауданындағы «Мәмбетов және К» КС шаруашылығында көп жылдан бері еңбек етіп келемін. Бүгін еңбегім жанып, осындай жоғары дәрежелі марапатқа ие болғаныма қуаныштымын.
Арғы бабаларымыз, атам да, әкем де осы ауылда жұмыс істеді. Атакәсіпті ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келе жатқан әулетпіз. Бүгінде осы салада еңбек ететін 30-дан астам Қаражұман әулетінің ортақ еңбек өтілі 600 жылдан асады.
Әулеттің негізін қалаушы атамыз Қуат Ысқақұлы Қаражұманов болды. Оның еңбек жолын ұлдары Ермек, Кеңес, Марат жалғастырды. Бүгінде әулеттің төртінші буыны, немерелер – Мұрат, Сәкен, Қалкен, Қайсар, Оралбай, Амантай, Мақсат туған өлкесінің игілігіне еңбек етіп, ауыл шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосып жүр.
Кезінде шаруашылығымыздың негізін қалаған, қазірде Мәжіліс депутаты Е.Мәмбетовтен бастап, жоғары марапатқа ие болғаныммен құттықтаушылар көп. Бәріне алғысым шексіз. Адал еңбек ешқашан елеусіз қалмайды. Егемен еліміздің іргесі тыныш болсын, іші ырысқа толсын.
Солтүстік Қазақстан облысы